"Баламның жүйкесін бқзып алар ма едім?!"
Сурет көрнекілік үшін: xiaomiplanets.com
"Қызым мектепке барғанда бәрі тамаша болған еді. Өйткені, өзі оқуға ынтасы бар, сабақ оқуға құлшынып тұратын болғандықтан, менің көмегім аса қажет болмады. Тек кейбір түсінбей тұрған жерлерін сұрайды, ары қарай өзі алып кетті" - ERNUR.KZ порталына осылай басталған оқырман хаты келді.
"Ал балам бірінші сыныпқа барғаннан бастап біраз қиналдық. Өзім мектепте де, университетте де үздік шәкірт болғанмын. Балаларымның сабақ үлгерімі нашар болуы мүмкін деп тіпті ойламайтынмын. Бірақ, балам нағыз «үштікке» ілініп-салынып әзер жететін оқушы болды.
Қазір жетінші сыныпқа өтті, әлі де солай. Тек өзі қызығып оқитын пәндерден ғана жақсы баға алады. Таң қалатыным, қазақ тілі, әдебиет, жаратылыстану сияқты пәндерден мүлде нашар. Ал есепке жақсы, күнделікті үйге берілген есептерді шығаруын қадағалап отырсам, математикадан бағалары 4-5-ке көтеріліп қалады.
Бастауыш сыныпта оқитын кезінде қинап оқыттым, шыны керек. Әр әрпінің әдемі жазылуын көз жазбай қарап отырамын. Дұрыс жазбаса, ұрсамын, айқайлаймын, ұруға дейін бардым.
Күйеуім осылай оқытуыма қарсылық білдірді. «Неғыласың жүйкеңді жұқартып? «Оқы-оқы» деп ұрсып-ұрғаннан жақсы оқып кетпейді. Оқитын бала болса, сен айтпай-ақ оқитын еді. Өзінің бары сол ғой. Бекерге ұрса беріп, ұрып баланың тауын шағып жатырсың. Оқымаса, оқымай-ақ қойсын, өзіне керегін, қызыққанын сен айтпай-ақ біліп алады» дейді.
Сөйтіп, күйеуімнің ақылына құлақ асып, бірте-бірте сабама түстім. Тек мүлде кітап бетін ашпай кетпесін деп, үй тапсырмаларын орындауын қадағалаймын. Жаттауды жаттайды, бірақ шала болса, ұрыспаймын. Есебін шығарады, ал дұрыс не бұрыс екенін апайының тексеруіне қалдырамын. Жазу жазса, қателерін ғана ескертемін де, қолтаңбасына мән бермеуге тырысамын.
Қазір сабақ оқытам деп баламды ұрып-соққаным үшін ұяламын. Сол кезде өзімнің де ана ретінде көп қате жасағанымды білсемші. Қайта, күйеуімнің арқасында дер кезінде тоқтаппын. Әйтпесе, баламның жүйкесін бұзып алар ма едім."