​«Жеңгем ағамды бопсалап, қорқытып отыр»: түркістандық келіншек төркінінде болған жағдайды жайып салды

0
2 332

«Анама жаным ашиды...»


​«Жеңгем ағамды бопсалап, қорқытып отыр»: түркістандық келіншек төркінінде болған жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Туған жеңгем ағамның басын бәлеге қалдыра ма деп қорқамын. Алда-жалда жеңгеме бірдеңе болса, күйеуі ретінде ағам істі болып кете ме деген қауіп бар», - дейді Айтолқын есімді түркістандық оқырманымыз.


Жалғыз жеңгесінің түсініксіз тірліктерінен әбден шаршаған Айтолқын төркінінде болып жатқан жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Бәле қайда, бассаң аяғыңның астында» дегендей, мен отбасымдағы жағдайды алдын-ала айтып, ағамды қауіп-қатерден құтқарғым келеді. Бір жағдай бола қалса жеңгемнің бізге көрсетіп жатқан «концертін» ел біле жүрсін.


Біз үйде бес ағайындымыз. Ең үлкен ағам туғаннан сал ауруына ұшыраған. Жүре алмайды. Екінші ағам үйленген, үшіншісі әлі теңін тапқан жоқ. Өзім екі жыл бұрын тұрмысқа шыққанмын. Сіңлім әлі студент, менің үйімде тұрып оқиды. Әкем мен анам өте жуас жандар. Біреуге алақан жаймай, өз арбаларын өздері сүйреп біздерді жетілдірді.


Осыдан бір жыл бұрын екінші ағам үйленем деп бәрімізді қуантып тастады. Өзі отызға келгенше жалғыз жүрген. Мен тұрмыстамын, «анам әбіржіп қалды-ау» деп уайымдап отыратын едім. Жеңгелі болатынымды естігенде төбем көкке жеткендей болды. Қуаныштан үйімдегі барымды апарып, жетпегеніне несие алып, ағайын-туыстарымызбен көптеп-көмектеп ағамыздың кәде-жоралғыларын өткізіп алдық.


Келген жеңгем екі ай әдемі жүрді. Таңертең ерте тұрып, есіктің алдын сыпырып, ата-анамның ас-суын әзірлеп жүрді. Екі айдан кейін «өнерін» шығарды ғой. Ұйқыдан түсте тұратын болды, тамақ пісіргісі келсе пісіреді, пісіргісі келмесе ұйықтайды. Ең сорақысы анамды сыйламайды, үй жұмыстарына араласпайды. Менен кейінгі сіңілім маған қарағанда пысықтау, сол ұрысып бірдеңе айтса болды ағама айтып бізбен қырылыстырып қояды.


Бір күні үйге қыдырып барып едім, анам «мына келін үйдің тірлігінен жалықты-ау, еркелігі әлі басылмаған ғой. Көппен араласып, ашылсын. Мен бұны мектепке мұғалім етіп кіргізетін болдым» деді. Үйдің шаруасы бастан асады. Мүгедек адамға қараудың өзі анама әжептеуір салмақ. Сонда да анам келіннің қас-қабағына қарап, мектепке жұмысқа тұрғызып қойды.


«Мейлі, ақша артықтық етпейді ғой, балалы болғанша табыс тауып, үйге жәрдемдессе, оның несі жаман» дестік. Қайдағы... жеңгеміз үйге бір тиын табыс кіргізген жоқ. Тапқанын өзіне көйлек-көншек алып, гәпке қатысып, алтын алып жаратып жүрді. Анам сабырлы, жайсаң адам, сол себепті басынады ма, түсінбеймін.


Менде бір үйдің келінімін, екі балам бар. Сонда да мен енемнің алдында именің жүремін. Ата-анама сөз келтірмейін, күйеуімнің абыройын түсірмейін деп келіндік парызымды адал атқаруға тырысамын. Өзіммен салыстырып көрсем жеңгемнің өмірі жұмақ. Сонда да қадірін білмей отыр. Ағам да анама тартқан, әйеліне ауыр сөз айта алмайды. Қартайғанда үйленген соң ба, әйелінің аузынан шыққанның бәрі заң.


Таяуда жеңгеммен бірге мұғалім боп істейтін сыныптасымды көріп қалдым. «Сенің жеңгең...» деп әңгімесін бастап, бірталай құпияның бетін ашты. Жеңгемді жұмысындағылар біраз уақыттан бері өсектеп жүр екен. «Ауылда тіс дәрігері болып істейтін 86-жылғы Қанат деген бойдақ жігітпен жүретін көрінеді. Сабақтан шыққасын соның емханасына барады да тұрады. Күнде тіс емдете бермейтін шығар енді», - деп аяқтады сөзін.


Мына жағдайдан кейін шыдай алмадым, ата-енемнен сұранып төркінге тіке тарттым. Барсам шешемнің көңіл-күйі жоқ, үлкен ағамды дәретке отырғызам дегенде белі шойырылып, орнынан қозғала алмай қалыпты. Менің келгенімді көрген жеңгем ернін жыбырлатып амандасты да, бөлмесіне кіріп кетті. Шай беруге жарамады. Кеш түсіп қалған, әкем мен ағам келсе жейтін тамақ жоқ. Мына көріністен жылап жібердім. Санасыз келінге тап болып, несие алып тұрып үйлендірген әке-шешемді аядым.


Кешкісін бәрі дастархан басына жиналғанда сыныптасымнан естігенімді жасырмай айтып бердім. Жеңгемнің түрі түтігіп, аузынан түкірігі шашырап, мені ұруға дейін барды.

«Ойбай, Қалдыбек, мынау келіп алып маған жала жауып, екеумізді ажырастырмақшы. Бүйткенше өлгенім жақсы» деп сыртқа жүгіріп кетіп қалды. Соңынан ағам кеткен. Барса жеңгем қораға кіріп, өзіне қол салмақшы болыпты. «Осыдан маған бірдеңе болса өліміме қарындасың екеуің кінәлі боласыңдар!» деп ағамды бопсалап, қорқытып қойыпты. Құдай біледі, оның өзіне қол салмақ болғаны да өтірік-ау. Қып-қызыл әртіс қой. Көкбеттігімен бізді жеңбекші.


Осы жағдайдан кейін үйіме жылап қайттым. «Біздің шырқымызды бұзбай, жайыңа жүр. Пешенеміздегіні көреміз» деп әке-шешем қуып шыққандай болды. Бір келінге шамасы келмей қалған анама, ағама деген ашуым басылар емес. Ел айтса, тегін емес қой. Демек мұнда бір шикілік бар. Не үйдің, не түздің тірлігін тындыра алмайтын, бір тамақты дұрыстап істеп, байының бабын жасай алмайтын әйелден не үміт, не қайыр?!


Алда-жалда жеңгем өзіне қол салып, басқадай тосын мінез көрсетіп жатса ел оның бұған дейінгі тірліктерін білсін, қандай адам болғанын түсінсін деп сіздермен сырымды бөлісіп отырмын. Ағам мен ата-анам бақытты болса, маған одан артық ештеңе керек емес...»