«Айлығымды тартып алып, бір тиын бермейді»: қызылордалық жас келін қайын атасының мінезінен шаршағанын айтады

0
2 859

«Баламның жөргекпұлын да қалтасына салып алды»


«Айлығымды тартып алып, бір тиын бермейді»: қызылордалық жас келін қайын атасының мінезінен шаршағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Еркек - үйдің егесі, асыраушысы» дегенді бала күнімізден шешеміз құлағымызға құйып өсірді ғой. Десе де ел ішінде өзі көк тиын табыс таппаса да «мен үйдің егесімін, ақшаны мен ұстауым керек» деп «байдың асын қызғанатын» байғұстар бар екен. Солардың бірі - қайынатам», - дейді Әлима есімді қызылордалық жас келін.


Таяуда ғана балалы болған келіншек баласының жөргекпұлын қолыма ұстай алмаймын деп өкпелеп отыр. Оны кімнің қайда жұмсайтынын Әлима ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Мен туған үйдің заңы басқа, тәртібі дұрыс еді. Әкем таңнан кешке дейін бел жазбай еңбек ететін. Біздерді асырап, өсіру үшін екі жұмыста қатар істеді. Анам да мектепте мұғалім болған. Айдың соңында тапқан табысын әкемнің қолына әкеліп салатын. Ағаларым да сөйтетін. Оны әкем шай үстінде «бүгін үйге мынанша табыс кірді. Оның пәлен мыңына үйдің шатырын жөндетейік. Пәлен мыңын шешелеріңе бердім, сендерге киім әпереді. Түгеншенің тойына пәлен апарамыз» деп есептеп, бәрімізді хабардар етіп қоятын. Береке бар еді. Сол берекенің арқасында екі ағамды үйлендіріп, үйлі-жайлы еттік. Бірақ еш уақытта әкем «келіндердің «декретныйын» әкеліп өткізіңдер» деп айтпапты. Жеңгелерім балаларына берілетін жәрдемақыны, жалақыларын күйеулеріне беретін немесе өз керектеріне жарататын. Осындайды көріп өскесін бе, келіннің жалақысына жармасқан атаны көргенде естен тана жаздадым.


Тұрмысқа шықпай тұрып қаладағы мектептердің бірінде бастауыштан сабақ бергем. Тұрмыс құрғаннан кейін де балалы болғанша мұғалімдік қызметте болдым. Келін болып түскен алғашқы айда күйеуім «Айлығыңды алсаң әкеме әкеліп бер. Біздің үйдің тәртібі сондай» деді. Енем ертеректе қайтыс болып кеткен. «Мен өзіме қажетті заттарды аларда қайтемін? Атамнан ақша сұрап жүрем бе?» деп едім, «онда тұрған не бар, бәрін әкеліп бересің де, «ата, маған мына нәрсеге ақша керек» десең өзі-ақ береді» деді.


Балалығым ба, аңқаулығым ба, елдің келіндері секілді айлығымды азайтып айтсам да болады ғой, мен сорлы тиынына дейін есептеп, санап, атамның қолына тапсырып жүріппін. Енді келін болып түскен адамға киім-кешек керек емес, бәрі жеткілікті. Алғашқы алты айда атамнан жолкіреден басқа нәрсеге ақша сұрамайтынмын. Кейін аяғым ауырлады да, жерік болдым. Көшеде жүргенде аяқ астынан бірдеңеге аңсарым ауып, жегім келеді. Ондайда қалтамда артық тиын жоқ, үйге жылап келетінмін.

«Қымыз ішкім келді, алайын десем ақшам жоқ, атама жерікпін деп қайтып айтамын» деп күйеуіме шерімді тарқатам. Ол дереу көлігіне мініп, ішкім келген нәрсені тауып әкеледі. Бірақ «ертең тағы бірдеңе жегің келсе, жаратарсың» деп артық ақша берген емес.


Қош, сонымен декреттік демалысқа шықтым. Артымнан келген киімдердің, халаттардың бірі де сыймай қалды. Үйде киетін киім қалмады. Күз түсіп, күн суытқан. Бір күні шыдай алмай «ата, үйге киетін киімім қалмады, онша-мұнша керек-жарағыма ақша бересіз бе?» деп сұрадым. Атам бірден ашуланып кетті. «Әке-шешең артыңнан киім әкелмеп пе еді? Үйге не киім керек, барларыңды ұқсатсаңдаршы» деп ақша бермей қойды. «Ішім шығып қалған, сыймайды» деуге ұялдым. Амал жоқ, анамнан қарызға ақша алдым. «Декретныйым» түскенде қайтарамын» дегем. Қазір ақшада құн жоқ қой, бәрі удай қымбат. Алған затым елу мыңнан асып кетті. Перзентханаға керекті заттарды қосып алдым. Кейін шотыма ақша түскенде әлгіден елу мың алып қалып, анама беріп жібергем. Сол үшін атам айқайлап ұрысты.

«Бақандай елу мыңға не алдың сонша? Титтей баланың киімі сонша тұра ма? Үнемдеу дегенді білмесеңдер қалай өмір сүрмексіңдер?!» деп бірталай әңгіме айтты. Сол күнгі өкпе-ренішімді айта алмаймын. «Мен сонда дамбал алу үшін де атама отчет беремін бе? Мынау не өмір?» деп күйеуімнің алдында солқылдап жыладым.


Атам жұмыс істемейді. Таңертең тамаққа тойып алады да саябаққа барып шалдармен карта, бильярд ойнап келеді. Түсткі тамақты ішіп алып пырылдап ұйықтайды. Әйтпесе жап-жас, алпыс үшке енді толады. Онымен жасты кісілер тым құрығанда бір жерде күзетші болып істейді ғой. Оныкі таза жалқаулық. Отырып алып біреудің табысына қожайындық еткеннен қиын шаруасы жоқ.


Біздің ақшамызды алды, мейлі дедік, енді атам балаға берілген жөргекпұлды да тартып алатын болды. Қызымызға бір затты алсақ, екіншісін кейінге қалдырамыз. Қайын атам өз немересінен ақша аяп тұрады.

«Баяғының балалары памперс дегенді білмей-ақ өсті ғой, күніне пәлен теңгені мусорға «ағызып» отырсыңдар!» деп ұрысқанда ішімдегіні ақтарып салғым келеді. Бірақ күйеуім үйдің жалғыз ұлы болғасын тілімді тістеп қаламын. Әкесіне қарайтын басқа бала болмағасын амал жоқ, көнуге тура келеді.

Қайынсіңлілеріме қарап қызығамын, өз биліктері өздерінде. Төркініне келгенде сыланып, тотыдай таранып келеді. «Жеңге мына киімдерден жалығып кеттім, сіз киіп тоздырыңызшы» деп өздерінен қалған киімдерді әкеліп береді. «Айзереге қызымның киімдерін әкелдім, жап-жаңа, үйге киюге жарайды» деп қалған-құтқандарын көтеріп келеді. Қызым әркімнен қалған киімді киіп өсіп келеді. Осындайда күйеуімнің «әке, немереңіздің ақшасын бізге беріңіз, керегіне жұмсайық» деп айта алмайғанына ренжимін. «Жасы үлкен кісі ғой, көңіліне қарайық» деп жұбатқаннан басқаны білмейді.


Үй де әбден тозып кетті. Енем марқұм алған ыдыстар да тоза бастаған. Бөлмелерге әдемі перде алсам деймін. Ондайды айтсам, «Барды ұқсатыңдар! Моданы қуып жету мүмкін емес. Қайсыбірін ала бересіңдер» деп тыйып тастайды.


Енем болса бұлайша қиналмас па едім деп кейде жылап қаламын. Атамның шатақ мінезінен әбден шаршадым. Не істесем болады? Кімнен ақыл, көмек сұрарымды білмей отырмын».