​«Қайын атаммен көңіл қосып жүрген әпкемді қайтсем екен?»: жас келін көпшіліктен кеңес сұрайды

0
3 669

«Бәрінен де енем мен жездеме обал болды. Ал күйеуім білсе қайтпекпін?»


​«Қайын атаммен көңіл қосып жүрген әпкемді қайтсем екен?»: жас келін көпшіліктен кеңес сұрайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Менің басымдағы осы оқиғаны оқып біреу күлер, біреу балағаттар. Бірақ, менде басқа амал жоқ. Күйеуім біліп қоя ма деген қорқыныш тағы бар. Не істерімді білмей басым қатты...»


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан көкшетаулық келіншек әңгімесін осылай деп бастады.


«Мен солтүстік өңірдің қызымын. Үйде екі қызбыз және жалғыз ініміз бар. Әпкем менен алты жас үлкен. Ата-анам зейнетақыға қарап отырған жандар. Әпкем мектеп бітірген соң оқуға түсе алмай, облыс орталығына жұмысқа тұрды. Сатушы болып істеді. Кейіннен Қарағанды жаққа тұрмысқа шықты. Ал мен болсам оқуымды бітіріп, Көкшетау қаласына жоғарғы оқу орнына студент болып қабылдандым.


Әпкем мен жездемнің мінездері келіспей, екі жылдан соң ажырасып кеткен. Жездем жаман адам емес сияқты еді. Бірақ әпкеме тегі жақпай-ақ қойды. Бір баласын жетектеп, төркінге келіп алды. Ата-анамның іштей көңілдері түссе де, амал жоқ, қыздары болған соң қабылдады.


Арада біраз уақыт өткенде әпкем ұлын ата-анамның қамқорлығына тастап, Көкшетау қаласына кетті. Ол кезде мен екінші курсқа аяқ басқанмын. Әпкем дүкенге сатушы болып кірді де, өзі секілді қыздармен бірге бөлек пәтер жалдап тұрды. Сол сәттен бастап оның мінез-құлқы өзгеріп кетті. Күнде қыдыру, кафелету... Тіпті мен жағдайын сұрап барғанның өзінде қолыма азын-аулақ ақша ұстатып, «қараңғы болмай жатақханаға жетіп ал» деп шығарып салуға асығатын. Күннен күнге әрленіп, әдемі киінетін болды, шаш үлгісі де өзгерген. Ал ұлы жайлы мүлдем ойламайтын болды. Ата-анама барып, хабарын алу, ұлын сағыну деген сезім әпкеме тіпті жат болып кеткендей. Бар көмегі сол, дүкеннен бір сөмке тәттілер мен конвертке ақша салып, ауылға жіберіп тұрады, болды.


Мен үшінші курста оқып жүргенде әпкем екінші мәрте тұрмысқа шығатын болды. Екі баласы бар, әйелі қайтыс болған еркек екен. Әпкемнен 12 жас үлкендігі бар. «Мейлі, осы кісімен бақытты болып кетсе екен» деп іштей тілеп жүрдім. Жездеміз ақ некесін қидырып, кішігірім ас беріп, әпкемді үйіне көшіріп алды. Мені де «Бөтен жерде қайтесің? Біздің үй кең, бірге тұра бер» деп шақыртып алды.


Сөйтіп жүргенде әпкем тағы бір ұлды дүниеге әкелді. Жездемнің қуанышында шек жоқ. Өте жайлы адам екен, жұмысына барады, келе теледидар қарап, анда-санда әңгімесін айтып отыра беретін. Балалары да әпкеме артық-ауыс әңгіме айтпайды.


Арада бір жыл өткенде мен де өз теңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Қазір ата-енеммен бірге тұрамыз. Бақытыма орай енем жақсы адам болып шықты, көп сөйлемейді, сабырлыққа тұнған. Екі жылдан бері қант диабетіне шалдығып, өз денсаулығымен әуре боп жүр. Үйде болғаннан ауруханада жатқаны көп. Ал атам болса зейнетке шыққанымен бір мекемеде күзетші болып істейді. Үлкен үйіміз бар, күйеуімнің табысы жақсы.


Мен қазір баламен декреттік демалыста отырмын. Соңғы уақытта әпкем біздің үйге жиі келгіштейтін болды. Бір күні емханаға бармақ болдым да, әпкемді балама қарай тұруға шақырғам. Күйеуім жұмыста, енем емделіп жатыр. Үйде ешкім жоқ тұғын. Барған дәрігерім мені уақытынан бұрын қабылдады да, үйге ерте келдім. Келсем, түнгі ауысымнан шығып, үйге келген атам мен әпкем айтуға ауыз бармайтын тірлікпен айналысып жатыр. Үстінен түстім. Атам ләм-мим деместен сыртқа шығып кетті. Ал әпкем «біздің бұл тірлігімізді ешкімге айтпай-ақ қой» деп ұялмай-қызармай шығып кетті.


Жездемнің бұрынғыдай табысы жоқ, вахталық жұмысқа кірген. Ол кеткенде атам сол үйдің «құтты қонағы» болып алады. Балалар басқа қалада студент, кедергі болар ешкім жоқ. Әпкем әбден есіріп бітті.


Енем ештеңе білмейді, білмесе екен деп тілеймін. Әпкемнің қылығы бір күні әшкере болса, отбасымыз ойрандала ма деп қатты қорқамын. Үйге келгенде әпкемнің атама батылданып сөйлегенін көргенде жерге кіріп кете жаздаймын, бар жақсысын киіп, түлкі құсап бұраңдап, шолжаңдап, сылқылдап үйде сағаттап отырып алатынын қайтерсіз?


Туған әпкемнің қылығын ата-анама да айтуға батылым жетпейді. Тіпті бір ағайындардың тойында менің атама жабысып билегенін көргенде жер болдым. Жездемді адам құрлы көрмейді, жасқанбайды да, арасында өтірік күліп алдай салғанын көргенде өз әпкемнің қылығынан жиіркеніп те кетемін.

Егер бір әңгіме бастасам, ертең өзімді кінәлі қылып шықпасына кім кепіл? Олардан бәрін күтуге болады. Ағайын-туыс, ел-жұрт соқыр емес қой, бір күні шындықтың беті ашылса не істемекпін? Жездеме де жаным ашиды, бұл сұмдықты ұлдары білсе әпкемді бір күнде тұрғызбасы анық. Ал, күйеуім білсе не боларын кім білсін? Не істерімді білмей, басым қатып кетті. Бұл жағдайдан «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» шығатын жол бар ма?»