​«Қанымыз сәйкес келмейді екен»: тараздық азамат сегіз жылдан бері бала сүйе алмай жатқанын айтып, мұң шақты

0
1 132

«Тоқал ал, бала асырап ал» деп ақыл айтатындардан шаршадым»


​«Қанымыз сәйкес келмейді екен»: тараздық азамат сегіз жылдан бері бала сүйе алмай жатқанын айтып, мұң шақты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ойланып, ой түбіне жете алмай отырмын. Жақындарымнан ақыл сұрасам «біз не айтамыз, өзің шеш» деп отыр. Ал мен бір шешімге келе алмай жүрмін. Былай тартсам, арба сынады, былай тартсам, өгіз өледі. Сондықтан сіздермен кеңесуді жөн көрдім», дейді Әмірхан есімді тараздық азамат.


Отбасын құрғанына 8 жылдың жүзі болған ерлі-зайыптылар балалы бола алмай отыр екен. Жағдайды Әмірхан ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Сүйіп қосылған адамыңнан ажырау оңай емес екен. Әсіресе әйелің бәрінің көңілінен шығып, үйдің де, түздің де шаруасын тап-тұйнақтай етіп отырса, екі есе қиналасың. Өйткені ажыраса салатын себеп жоқ. Соны білгесін ата-анам да «өздерің шешіңдер» деп отыр. Олар да сүйікті келіндерін қимай отыр, шынын айтқанда...


Мен оны сүйемін. Бағалайтын қасиеті көп. Тек біз біз бала сүйе алмай жүрміз. Бармаған емшіміз қалмады-ау. Дәрігерлерге де қаралдық. Олар «екеуіңде де кінәрат жоқ» дейді. Айжан екеуміздің де балалы бола алатын физиологиялық мүмкіндігіміз жеткілікті. Тек екеумізде ортақ бала болмайды екен. Қан тобы сәйкес келмейді. Ажырасып, ол басқамен, мен басқамен бас құрар болсақ, балалы болуға толық мүмкіндігіміз бар. Ал былайша армандамай-ақ қойсақ та болады деді мамандар.


Бала көтере алмағаны Балнұрға да аса ауыр тиіп жүргенін білем. Кей кездері жылаумен таң атырады. Бәрін де сезіп жатам. Бірақ жұбатуға сөз таппаймын. Шарасыз күй кешіп көз ілмей таңды атырамыз. Мұндай түндер жиілеп барады. Соңғы кездері тіпті тұйықталып бара жатқан секілді. Өзімнің де жүйкем жұқарып бара жатыр. Күйгелектеніп, шыдамсыз адам боп кеттім.

Кейде болмышы нәрсеге ашуланатынды шығардым. Ашу үстінде Балнұрды ренжітіп алмасам деймін. Өйткені оның еш жазығы жоқ. Ренжітпей, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге тырысып бағам. Бірақ кейде ақылдан бұрын ашу келеді емес пе?!


Өткенде, жұмысқа асығып, күздік күртешемді әрі-бері іздеп, таба алмай қойдым. Шифонердің ішін мың ақтардым. Жер жұтып кеткендей. Болмағасын «Балнұр!» деп дауыстап шақырдым. Үн жоқү Жаңа ғана холда теледидар қарап отырған сияқты еді. Менің шақырғаныма жауап қатпағаны ашуыма тиді. Ентелеп, атып шықтым. «Сенің есің дұрыс па, әлде құлағың естімей ме, шақырып жатырмын ғой» деп айқайлап жібердім. Әйелім теледидардың қызығына түсіп кеткен екен, селк ете қалды. «Естімеппін, кешір» деп ұшып тұрып, сұраған затымды іздеуге кетті.


Өзімше ашуымды теледидардан алып, көріп жатқан киносын өшіріп тастайын деп пультті қолыма алсам таңғы бағдарламадан бала туу, бала тәрбиесі жайлы айтып жатқан екен. Әйелімнің елітіп, мені естімей қалғанын енді ұқтым. Дереу одан кешірім сұрадым. Ал ол менен соны күтіп тұрғандай жылап жіберді. «Енді не істейміз, Әбеке?» деді маған. Мен не дей алам, «білмеймін» деп терең күрсіндім. Расымен де не істеу керектігін білмеймін.


«Бала асырап алсаңдаршы» деп көп айтады. Бірақ мен «балалы бола алатын жағдайым, денсаулығым боп тұрса не үшін тегі, қаны белгісіз біреудің баласын асыраймын» деп қарсы боп отырмын. Сыныптас жігіттер «Балнұрға білдірмей тоқал алып алсайшы» деп қоймайды. Сырттан жүріс жасап бала тапқым жоқ. Оның үстіне Балнұрды сүйе тұра басқа біреуге қалай барам. «Менің үстімнен әйел алатын болсаң ажыраса салайық» деп о баста айтқан, ол қарсы.


Ал ата-анам болса, «Біз Айжанға ризамыз. Өз қызымыздан кем көрмейміз. Ол да біздің бір баламыз. Өз баламызға қалай жамандық тілейміз. «Онымен ажырасып, басқа біреуге үйлен» деп, қалай біржақты шешім айта аламыз. Бұл біз үшін де өте қиын. Біз тек Алладан сендердің бақыттарыңды тілейміз. Сендердің отбасыларыңды бұзуға біздің қақымыз жоқ. Сондықтан бәрін таразылап, өздерің бір шешімге келіңдер. Біз тек сендердің тілеушілерің ғанамыз» дейді.


Иә, қай ата-ана баласына жамандық ойлайды дейсіз. Олардың да шарасыз күйін түсінем. Расымен де, әке-шешем Айжанды өз баласындай жақсы көреді. Айжан да оларды өз ата-анасындай сыйлайды. Бірақ балалы болмай отырғанымыз бізді қалай қинап тұрса, олардың да жандарына дәл солай батып отырғанын сезем. Әкем сездіре қоймағанмен, анам сөз арасында біздің балалы болғанымызды көргісі келетінін сездіріп қалады. Біздің перзент сүйе алмай отырғанымыз анама да ауыр тиетіні түсінікті. Брақ, амал қанша... Ондай кездерде Айжанның көңіліне қаяу түспесін деп сөзді басқа жаққа бұрып әкетем.


Жүректің түбінде біз балалы болатын сияқтыз, сондай сезім бар, сенім бар. Құдай қаласа Жаңа жылда жаңа бір қуаныш келетіндей елеңдеп күтем. Сол үшін сіздер де біз үшін тілек тілеп қойыңыздаршы. «Көп тілеуі – көл» дейді ғой...»