​«Қартайғанда "қу қақпас" атандым»: алматылық кейуана жалғыз келінінен көрген қорлығын жайып салды

0
1 652

«Балам сөзіме сенбей отыр, келінімнің әңгімесін телефонға жазып алып, тыңдатсам ба?»


​«Қартайғанда
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


ERNUR.KZ сайтының әлеуметтік желідегі парақшасына Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұратын кісіден хат келді. Хат иесінің жазуынша, жасы 72-де, «аты-жөнімді көрсетпей, менің мәселемді шығарсаңыздар» деп өтініш білдірген соң, біз ол кісімен тікелей байланысқа шығып, басындағы тағдырын егжей-тегжейлі сұрап білдік.


«Зейнеткер-ұстазбын, мыңдаған баланың көңілін тапқан тәп-тәуір мұғалім едім, бір келіннің тілін таба алмай, қор боп отырмын» деді кейуана. Сосын үйіндегі жағдайды тілшімізге баян етті.


«45 жыл бір мектепте табан аудармай еңбек еттім, бастауыш сыныбынан сабақ бердім. Қазір де қарап отырмаймын, немерелерімнің тапсырмаларын қадағалап, үйге әйтеуір бір пайдамды тигізейін деп айналшықтап жүре берем. Бірақ сонымды жалғыз келінім түсінбейді. «Сіз осыны істеуге міндеттісіз!» деп айқайлағанда шалқамнан түсе жаздадым.


Гүлмира менің жар дегенде жалғыз баламның әйелі. Құдай маған бір ғана ұл берді. Бәлкім, күйеуім марқұм тірі болғанда артынан ерер ме еді, Ауған соғысына қатысқасын денсаулығы онша болмай, мені ерте тастап кетті. Өлерден алдын «баламды ешкімге жаутаңдатпа» деп өтінген. Сол бір ауыз сөзі үшін екінші мәрте тұрмысқа шықпадым.


Бар үмітім – ұлым, соны қатардан кем қылмай өсіру үшін жанталасып жұмыс істедім. Жоғары білім алсын деп мұғалімдікке қосымша саудамен айналысып, әріптестеріме оны-мұны апарып сатып, күнелткен кездерім де болды. Несін жасырайын, «балам жұмысқа тұрса, үйленсе, немерелерім болса бұл қиындықтың бәрі артта қалады» деп болашаққа үлкен сеніммен, үмітпен қараушы едім. Бірақ олай болмады.


Мына Гүлмира деген келінді балам 29 жасында бір-ақ тапты. «Үйленші» деп жалынып, қаншама қызды өзім көрсетіп, арасынан таңдап алғаны еді. Бұл қыз менің әріптесімнің жиен сіңлісі боп келеді. «Сенің балаңа менің сіңлім бар» деп суретін көрсетіп, сылтауратып мектепке шақырып, көрсетіп, екеуміз екі жасты үйлендіргенбіз. Басында балам онша ұнатпай, «мен Тайлақ емеспін» деп қашқақтаған. «Осы қыз жақсы келін болады» деп қоймап едім...


Қаншама жыл бойы «ұлымның тойына» деп жиғанымды шаштым. Өзім неше жыл армандаған келінімді қолыма қондырып, шаңырағымызға әкелу үшін барлығын жасадым. Күйеуімнің араласпай кеткен туыстарына дейін қозғау салып, тойымызға ортақтастырып Алматының төрінде ұлан-асыр той жасадық.

Келінім бастапқыда жайдары еді. Екі жылдай мінезін көрсетпеді. «Немерелі болғанша күш-қуатым бар ғой, жұмыс істей берейін» деп зейнетке шықсам да мектепте болдым. Шамасы, сол аралықта келінімнің тәрбиесіне мән бере алмадым ғой деймін. «Өзің білесің» деп бәрін соған сілтеп қоя салушы едім. Қазір оның мінезі мен тілі қоса шықты. Төрт бала тапқалы төбемді ойғысы келіп, түрлі әрекеттерді жасап бағуда.


Қан қысымы деген бәле болды, ойламаған жерден ұстап қалады да, басымды көтере алмай жатам. Ондайда «мазам болмай тұр, бір шәйнек көк шай демдеп берші» деп айта алмаймын. «Өлмейсіз, өзіңіз демдеп ішіңіз, қолым бос емес» деп бөлмесінен шықпай жата береді. Құдай кіріптар етпесін, төсек тартып қалсам аузыма бір қасық су тамызбайтын біреу болды.


Өткенде құрбыларымен кездесуге кетті, кеш батқанша үйге келмеді. Аңқау басым тоңазытқышқа пісіріп, салып кеткен тамағын көрмеппін. Балам келсе аш қалады ғой деп күйбеңдеп көже істедім. Келінім баламнан жарты сағатқа ерте келді. «Қызым-ау, сонша кешіктің ғой, кешкі тамағыңды ойламадың ба?» деп сөйлегенім сол еді, «Не болды сізге, ұрыс шығарып, істеп кеткем мен, көзіңізді ашып қарамайсыз ба?!» деп айқайласын.


«Көрмей қалыппын, жарайды. Ендеше сен «апа, бүгінгі тамақ дайын» деп неге айта салмадың? Кешігіп келетініңді неге ескертпедің?» деп сөйлеп ем, «басым ауырып тұр, сіздің мылжыңыңызды тыңдайтын шамам жоқ, шығыңызшы кухнядан» деп кеудемнен итеріп-итеріп шығарып жіберді. Мұншалықты қорланбаспын, жылап қалдым.

Көп өтпей үйге балам келді. Болған жағдайды жаймен айтып ем, «Мама, Гүлмира ондай емес, бірдеңені дұрыс түсінбей қалған шығарсыз? Әрі-беріден кейін өзіңіз таңдап әпердіңіз ғой оны» деп жүре тыңдады.


Келін мен ұл жұмыста болғанда немерелерімді қарап қаламын. Өзім мұғалім болғандықтан олардың оқу-сызуына ерекше мән беремін. Екі немеремнің сабағын оқыту, мектепке апару, олардың жиналыстарына бару тәрізді жұмыстар менің мойнымда. Бірақ осы жасқа келгенде осыншама істі тындырып отырсам да келініме бір жақпай қойдым. Келін ұлымның көзінше мүлдем басқа адам. Ол келгенде мені оның көзінше «апалап, мамалап» асты-үстіме түседі. Кейде оның бұл қылығына қарадай өзім ұяламын. Ал ұлым іссапармен Астанаға немесе басқа қалаларға кетсе, маған маза жоқ.


Келінімнің әбден беті ашылғандығы сонша, «қу қақпастан» бастап небір ғайбат сөздерді маған айтудан тіпті именбейтін де болып алды. Кейде немерелеріме «барыңдар, ана қу қақпаспен далаға шығып келіңдер» деп айқайлайды.

Сіңлісінің мінезін әріптесіме талай мәрте айттым. «Қойшы, ол ондай адам емес» деп сенбейді. Төрт баласы бар дап-дардай адамды қуып жіберуге де шама келмейді екен. Отырсам опақ, тұрсам сопақ етті.


Осы күні келінімнің маған айтқан сөздерін жазып алып балама тыңдатсам ба екен деп қоям. Бірақ соның кесірінен екеуі ажырасып кетсе, немерелерімнен ажырап, шынымен қу қақпас атанам ғой. Баламның бақытына балта шапқым келмейді, қайтейін.

Енді Құдайдан әр намазымда «келініме иман бер, жүрегіне мейірім сал» деп тілегеннен басқа амалым қалмады. Келінге қараған күнім құрысын, жесірлікпен өткен жастық шағымның өтеуі осы ма еді...»