​«Келінім бедеулігімді бетіме басты»: түркістандық ана өз үйінен кетуге мәжбүр болған

0
2 549

«Келінім «Сен араласпа, кет ары!» деп айқайлады»


​«Келінім бедеулігімді бетіме басты»: түркістандық ана өз үйінен кетуге мәжбүр болған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Айналайын! Сендерде жазылған «Құдағиым жала жапты» деген оқиғаны түгел оқып шықтым. Дәл осындай жағдайды мен де өз басымнан өткізіп отырған соң бұл өте ауыр тиді. Пұшпағың қанап, өзің бала тумаған соң бауырыңа басқан баланың бәрі мейірім төге бермейді екен. Мен де пұшайман боп, сіңлімнің үйін жағалап отырмын», - деді ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Разия есімді ана.


Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында тұратын оқырманымыз үй ішіндегі жағдайды баяндап берді.


«Құдай пешенеге жазғанды ғана көреді екенсің. Менің тағдырымда бала сүю бақыты жазылмаған екен. Бесік тербетіп, бала емізіп, оған әлди айту арман күйі қалды. Бірінші күйеуіммен балалы бола алмағанымыз себепті ажырастым.Ол кезде қазіргідей медицина да дамымаған еді ғой. «Бәлкім екінші күйеуден бағың жанып қалар» деп жеңгелерім екінші рет ұзатты. Ол жақтан да қайтып келдім. «Бедеу келін керек емес» деп енем жүктерімді тиеп, мені алдына салып төркініме әкеп тастады. Қорландым, жыладым, өмір сонымен бітіп қалғандай көрінген. «Енді күйеуге тимеймін, бәрібір балалы бола алмасам ажырасып кетем» деп ойладым.


Сөйтіп жүргенде үйге әйелі қайтыс болған кісілер айттырып келе бастады. Солардың ішінде бірімен сөзіміз жарасты. Әйелі кішкентай қызын босану үстінде өмірден өткен екен. Жасына енді толған қызына қарай алмай, қиналып, үлкендердің рұқсатымен балаларына ана болар жан іздепті. Одан үлкен баласы да бар екен. «Бала тумадың деп бетіңе баспаймын , сол екеуін екеулеп жеткізсек болды» дегесін етегінен ұстадым.


Баланың қадірін балалы бола алмаған адам жақсы түсінеді. Сондықтан мен сол екі баланы өз баламдай қабылдап, асты-үстіне түсіп бақтым. Күйеуім де жақсы адам боп шықты. Тату-тәтті өмір сүрдік. Ұлды да, қызды да оқытып, жоғары білім әпердік. Қыз бірінші ұзатылды. Ал ұлды осыдан бес жыл бұрын үйлендірдік. Шалым бірақ немересін иіскей алмай өмірден өтіп кетті. Бала мен келінге той жасаймыз деп жүргенде қайтыс болды. Соның жылы өтсін деп тойды кейінге шегердік. Сөйтіп жүргенде келін қызды болды. Құдалық пен бесік тойды істеп, үлкен той сол күйі жасалмай қалды.


Өзім тазалыққа тынған адаммын. Ыдыс аяқ уақтылы жуылмаса, күніне бір мәрте еден сүртілмесе мазам қашады. Келін түскенше келген кісі үйімнен қылау таппайтын. Келін түскен соң жағаласпай-ақ қояйын, өзі тірлікке кірісіп, ептеп алар деп жүрдім. Бірақ келінім тазалықпен дос болмай шықты. Тамақ істей алмайды, үй аптасына бір жиналса жиналды, жиналмаса ол да жоқ. Сосын шыдай алмай өзім істеп кетем. Ондай кезде сөйлеп қоятыным бар енді. «Жассың ғой, әзірден тазалыққа үйренсейші, келген кісілер сынап келеді» деп айтам. Соныммен келінге жақпаймын.


Бір күні ұлым жұмыстан шаршап келді. Қазанда тамақ дайын тұрған. Келін күйеуінің келгенін көрді, бірақ қолындағы телефонын шұқылап отыра берді. «Балам киімін ауыстырып, жуынып-шайынып келгенше дастарханын жайып үлгерер» деп мен де отыра бердім. Бір уақытта балам тірлігінің бәрін тындырып, дастарханға келіп отырды. «Лаура, тамағың дайын ба, берсейші» деп еді, әйелі «Қазір, күте тұршы» деген күйі соткасына үңіліп отыра берді. Балам соған шыдай алмады-ау, келіннің қолындағы телефонды жұлып алды да, далаға лақтырып жіберді. Сол жерде екеуі төбелесіп кетті. Жоқ жерден шу шыққанына сасқалақтап жандарына жүгіріп бардым. «Әй, екеуіңе не болды, қойсаңдаршы» деп баламды сабырға шақырып жатқам. Келінім «Сен араласпа, кет ары!» деп айқайлап жіберсін. Ондайды күтпегем, балама қарап едім «Апа, араласпаңыз, өзіміз шешеміз» деп жекіп тастады. Сосын үндемей, бөлмеме барып жатып қалдым.


Біраз күннен кейін осы жағдай тағы қайталанды. «Өткенде араласпа деп еді, тыныштық керек, өз мәселелерін өздері шешсін» деп теледидар көріп отыра бердім. Бірақ енді бірінің аузынан ақ ит кіріп, екіншісінің аузынан қара ит шығып жатты. Екі немерем де бір бұрышта үрпиісіп қалған. Оларды қасыма алып, бөлменің есігін жауып, теледидар көріп отыра бердім. Бір кезде келін есікті жұлқи ашып кіріп келді де, теледидардың доғын суырып тастады. «Көріңіз, сіздің берген тәрбиеңіз осы! Бір балаңызды дұрыстап өсірмегенсіз! Неге арамызға түсіп, балаңызға қой демейсіз?!» деп айқайлап жіберді. «Әй, сен алдында араласпа деп қуып шығып едің ғой» дедім де, қалған сөзімді жұтып, үндемей қоя салдым.


Өткенде зейнетақым түскен. Ауылдың базарына барып, үйге керекті онша-мұнша нәрселерді әкеліп бере қояйын деп шықтым. Артымнан төрттен асқан немерем жүгіріп шықты, «Әже, мен де барайыншы» деп жылағасын жетектеп, қақпадан енді шығып жатқан түрім еді. Келінім артымыздан қуып жетіп, немеремнің шашынан үйге қарай сүйреп әкетті. «Қойсайшы, шашынан тартқаның не?! Титтей қызның не жаны қалды» деп едім, «Өзім тудым, өзім білемін, сіз бала тумаған соң үндемеңіз» деп шап ете қалды. Ойпырмай, келінім түгілі балам «сен өгей шешемсің» деп айтпаған, білмесе де керек-ау. Ал мына келін мұны қайдан естіген?! Сол сөзді естігенде екі дүние тарылып, көзім қарауытып кетті.


Сол заматта киім-кешегімді жинап, қызымның үйіне кетіп қалдым. Ол ата-енесімен тұрады, қыдырып барғандай болып екі күн жаттым. Үшінші күні қызыма шыдай алмай, болған жағдайды айтып бердім. «Мен олармен сөйлесем» деп телефонын алып, жеңгесіне қоңырау соғыпты. Сөйтсе келін «Неге бәріне мені кінәлі етесіңдер? Сонда сенің ағаң мен апаң періште боп тұр ма?! Мен олар өкпелейтіндей ештеңе істемедім» деп бет бақтырмапты. Қызым «осында тағы біраз күн қалыңыз, алдыңызға келіп, кешірім сұрап алып кетсін» деп еді, құда-құдағидан ұялып, кетіп қалдым.


Қазір сіңлімнің үйіндемін. Балам телефон соғып «үйге келіңізші» деп отыр, бірақ келінді көрерге көзім жоқ. «Тумағансың, балаңды дұрыстап тәрбиелемедің» дегені өтіп кетті. Айтқанына өкініп отырса мейлі ғой, бәріне мені кінәлап отыр екен. Не істерімді білмей, қартайғанда әрі-сәрі күй кешіп қалдым. Сіңлім «келінің кешірім сұрап келсін, оған дейін жібермеймін» деп отыр. Ал оның кешірім сұрайтын түрі жоқ сияқты. Құдай мұндайды ешкімнің басына салмасын...»