"Қашан көрсең «Егіз қыздарым бар» деп жүретін еді"
көрнекілік үшін сурет: sun9-80.userapi.com
"Қатты қуанып отырмын. Осы бір жақсы жаңалықтың хабарын бірнеше ай бұрын білсем де, осыған дейін «Алла ақырын берсін» деп ішіме бүгіп жүріп едім. Кешелі бері күткен сәтіміз жетіп, жан-жағымыздан сүйінші сұрап, қуанып жатқан жайымыз бар" - деп ERNUR.KZ порталының қызметкерлері және барша оқырмандарымен қуанышын бөлісті алматылық Лаззат есімді әпкеміз.
"Қара шаңырақта отырған інімнің қолы ашық, мәрт. Көрші үйдің үш қызы оның қыздарымен тетелес. Әкелері – мешіт молдасы, "Азға қанағат, жоққа салауат" деп жүретін кісі. Әйелі де, өзі де жуас. "Қайтсем ақша табам, көбірек тапсам, жағдайымды жақсартсам" деп жанталаспайды.
Інім сол үйдің үш қызын өз қыздарынан кем қылмай киіндіреді. Қашан көрсең «Егіз қыздарым бар» деп жүргені. Базарға баратын күні ерінбей көршінің үйіне кіріп, қыздарының бойын, аяғын сызғышпен санаса да, әйтеуір өлшемін алып кетеді. Тіпті, жақын адамдардың үйіне қонаққа барса да, жеті алма, жеті кәмпитті санап алып жататынын көріп күлеміз. «Ертегідегі жеті лақтай сүйкімді жеті қызым бар. Алтауы – егіз-егізден» дейтінін қайтерсің.
Мұнысы бір ақшасы асып-тасқандықтан емес. Не көршісінің жағдайы нашар деп жаны ашығаннан, қайырымдылық жасағысы келгеннен де емес. Шын мейірімі түскені ғой. Әйтпесе, әкелері басында ыңғайсыз көріп, намыстанып, алғызбай жүріпті. Қанша көрші отырса да, біреудің баласына өзінікімен бірдей қылып киім әперетіндер жоқтың қасы ғой. Кейін інім қыздарын өз қызы сияқты жақсы көргеннен әпергісі келетінін айтып, түсіндіріп жүріп әрең көндірген екен.
Міне, сол «егіз балаларым бар» деген сөздің қуаты ма, келіннің соңғы жүктілігінде «ішіндегі егіз ұл бала екен» дегенді естідік. Күні кеше сүйінші хабары да жетті.
Інім мен келінім егіз ұлды болды. Бұған дейін бес қызды дүниеге әкелген келінді ұл тумадың деп ешкім түртпектемеген. Інім де «Қыздарым – ханшайымдарым, бар байлығым» деп төбесіне көтереді. «Біреуін ұл қып бергенінде ғой» деп күпірлік жасамады. Шүкір, перзентсіз емес. Сонда да, бауырымыз болғасын «ұлдары да болса екен, тым болмағанда біреу» деп іштей тілейтініміз жасырын емес. Міне, сол тілеуімізді Алла екі еселеп берді.
Енді Алладан нәрестелерге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, ата-анасына күш-қуат тілеп, қуанып отырған жайымыз бар. Жаратушы да аз-көпті ниетіңе қарай береді екен ғой."