«Есіл-дерті бірінші әйелінде, балаларын қимайды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Ерлі-зайыптының ортасына есім кетіп түсіп алып, енді соныма өкініп жүрмін. Қазір күйеуім не менің қасымда емес, ойында бірінші әйелі, не оған бара алмайды, миы ашып жүр», - дейді Ғазиза есімді келіншек.
Өскеменде тұратын оқырманымыз отбасындағы проблемасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Тұрмысқа отыз алты жасымда шықтым. Оған дейін қызмет деп, карьера қуып жүре берген едім. Бір күні ақылым кіріп, тұрмысқа шығу жағын шындап ойлана бастадым. Бірақ баяғыдай бойдақ жігіттер топ-тобымен кездесе кетпейді, қайдан табарымды білмей жүргенде Ринат деген жігітпен кездейсоқ ұшырасып қалдық. «Әйеліммен ажырасқанмын, бір қызым, бір ұлым бар, бірақ әзірге үйленетін ниетім жоқ, осы өмірім өзіме ұнайды» деді ол. Бір қарағанда тап-тұйнақтай, өз тірлігіні пысық. Әңгімесі де, жүріс-тұрысы да дұрыс, бірден ұнап қалды. Бірақ үйленетін ниеті жоқ жігітке жабысқаным қалай болар екен деп үлкен әпкеммен ақылдасып едім, «мама-папамыздың көзі кетті, сені сөгетін кім бар дейсің, өз өміріңді өзің шеш, жасың болса келіп қалды, мүмкіндік болса сол жігіттер бір бала туып алсайшы» деп ақыл қосты.
Ринат екеуміз біраз уақыт кездесіп жүрдік. Ол мені ұнатпағанын білдім, бірақ әңгіме айтып, шер тарқату үшін үйіме келіп тұратын. Алдына барымды қойып, жылы-жұмсағымды тосып, бар жағдайын жасауға тырыстым. Сонда да маған жыли қоймады. Бір күні «сенен бала сүйгім келеді» деп турасын айттым. «Маған бала керек емес, екі балам бар, сол жетеді» деп айтты да, біржола кетіп қалды.
Арада алты ай өткенде Ринат үйіме іздеп келіпті. Сөйлесетін әңгімесі бар екен. «Әйелім басқа біреуге күйеуге тиейін деп жатыр, балаларды өгей әкенің қолына беріп қоймаймын, өзіме алам деп шешіп отырмын. Бірақ менің үйім болмаса, балаларды сот бермейді екен. Қазіргі пәтерім жалдамалы, досыммен бірге тұрам. Соған сенімен «фиктивный бракқа» отырсақ, пәтері бар, әйелі бар деген справка керек боп тұр. Балаларды алып алғанша менің әйелім боп, пәтеріңде тұруға рұқсат етші. Бәрі жақсы болғасын екі баламды алып кетем» деп өтінді.
«Бір шартым бар, екеуміз заңды некеге тұрайық, бірақ мен сенен бір бала туып алам, сосын қайда кетесің, өзің біл, сені ұстамаймын. Бірақ екеуміздің көңіліміз жарасып, балаларыңмен тіл табысып кетсек, ары қарай отбасы боп кетуге де қарсы емеспін» дедім оған. Сонымен адвокат жалдап, сот процесімен шапқылады. Үйленуге арыз бердік. Көңілі жабырқаулы Ринат үйіме көшіп келді.
Бір айдан кейін сот процесі басталды. Ол бұрын әйеліне екі бөлмелі пәтерді тастап кеткен екен. Әйелінің жұмысы, жалақысы да жақсы болды ғой деймін, әйтеуір үшінші сот отырысында Ринат жеңіліп, балалар анасымен қалатын болды. Күйінген күйеуім ішетін болды. Бірақ менің жайлы үйім, жылы төсегім жақты ма, кетуге асықпады. Сол күйі ажыраспадық.
Біздің өмірімізді ешкімнің басына бермесін, арамтамақ күйеуді асырап отырмын. Ринат ішіп, жұмысына екі-үш күндеп бармай қала бергесін, бастығы босатып жіберген. Қазір менің аяғым ауыр, құрсағымда бес айлық бала бар. Сөйтіп жүріп жұмыс істеп, күйеуімді асырап отырмын.
Ішіп алған күні әйелін, балаларын айтып жылайды. «Мен оны сүйген едім, ажыраспаймын десем де үйден қуып шыққан» деп айта береді. Маған амалсыздан, ұялғанынан көңіл аударатындай. Үнемі көңілсіз. Сенбі-жексенбі күндері алып-ұшып екі баласына кетеді. Айтпақшы, адвокат жалдап, балаларын тартып алуға несие алған. Онысын да мен төлеп жүрмін. Әйелміз ғой, кейде осылардың бәрінен шаршап, Ринатпен сөзге келіп қаламыз. Ол да әбден бөлек тұрып, бойдақ боп қалған, менің сөзімді көтере алмай, шарт-пұрт кетеміз. Бірақ кететін түрі жоқ. Қысқасы, ішімдегі бала үшін шыдап, көніп жүрген сияқты.
Босанатын уақытым жақындап келе жатыр. Болашағымыздың қандай болатынын білмеймін. Ертең босансам кім асырайды? Кейде «мен осының жағдайын пайдаланып, үйіме кіргізіп обалына қалдым ба» деп ойланып қалам. Ол шарасыздықтан менің дегеніме көнді. Енді өз сөзінен бас тарта алмай, амалсыздан өмір сүріп жүр-ау.
Әйел боп күйеуіңе еркелей алмау, жеріктігіңді айтып, қалағаныңды алдырта алмау да азап екен. Әңгімелесе қалсақ екі баласын айтып шыға келеді. Қысқасы, күйеуіммен емес, көлеңкесімен өмір сүріп жүрмін. Көңіліме қарайды, анда-санда бір көңіл аударып қойған болады. Бірақ, ол маған аз, мен нағыз махаббатты іздеймін...