​«Күйеуіңді бере тұршы!»: Шымкенттік келіншекке құрбысы бұрынсоңды естімеген ұсыныс айтқан

0
10 288

«Өзі төсек көрмеген, пәк қыз... Менің күйеуімді қалап отыр...»


​«Күйеуіңді бере тұршы!»: Шымкенттік келіншекке құрбысы бұрынсоңды естімеген ұсыныс айтқан

көрнекілік коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды


Елімізде отбасын құрмаған бойдақтар саны аз емес. Ал перзент сүйе алмай жүргендер қаншама?!

Бүгінгі кейіпкеріміздің әңгімесі де осы мәселелердің айналасында өрбіді.


Шымкенттік Бахира есімді 39 жастағы келіншекке өзінің көптен бергі танысы, құрбы болып кеткен ұжымдасытөтеннен өтініш жасап ойландырып тастаған. ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген әңгімесінде ол мұндай жағдайда не істеуге болатынын білмей басы қатып жүргенін жеткізді.


«Жарыққа шыға бермейтін, неше түрлі оқиғаларды жазып, оларға көпшіліктің әлеуметтік желіде пікір-кеңес айтып жатқанын оқимын. Бәлкім, мен сияқты тағдыр иесі бар шығар?! Осындай жағдай басынан өткен жан өз тәжірибесімен бөлісер?!»


Осылай деген Бахираның сөзінен түсінгеніміз, ол 40 жасқа таяп қалған құрбысына да жаны ашитын көрінеді. Бір жағынан қателік жасап, ертеңгі күні отбасымның шырқы бұзыла ма деп тағы алаңдап отыр.


- Екеуміз 8 жылдан бері араласамыз. Ешқандай артық әрекеті, жаман әдеті мен арамдығы жоқ қыз. Әйтеуір бағы ашылмады, қанша жігітпен таныстырсақ та бұйрық болмай, тұрмысқа шықпады. Тұрмыста мүлде болмаған, өзінің айтуынша «пәк қыз». Талай «көке-ағалардың» көңілдес немесе жасырын әйелі болуға ұсыныс та көп болыпты.


«Олай біреудің отбасының шырқын бұзатын, жасырын әйел болғым келмейді. Егер бірінші әйелінің келісімімен, балаларының ризалығын алып тұрып некемді қиып үйленем десе келісер едім. Осындай шартымды айтқанда әлгі жылмаң еркектердің барлығы жоғалып, қарасын батырды. Ойлары – мені жасырын түрде жәукемдеп, арасында өзінен артылғанымен асырамақшы. Ондай өмірді қаламаймын», - деп талай рет сырын айтып жылаған.


Екеуміз сырлас болып кеттік. Күйеуімді де жақсы таниды. Ол да сыйлайтын. Бірақ оқыстан жасалған ұсыныс менің ойымды сан-саққа жүгіртіп, әжептеуір әбіржітіп тастады.

Жақында сол құрбым маған салмақты ұсынысы бар екен, тек ашуланбауымды және бұған ешкімді кінәламауымды өтініп, уәдемді алды. Бір ресторанға шақырып, қыбыжықтап әңгіме бастай алмай біраз отырды. Өмірі ішімдікті аузына алмайтын, шарап ішіп алды сол күні. Мен аң-таң болып отырдым.


«Бұл ұсынысымды қабылдамасаң да ренжімеймін. Тек ұрыспашы. Мені сен ғана түсінесің... Күйеуіңнен туып алайыншы, басқа ешқандай жаман ойым жоқ!» дегенде отырған орындығымнан құлап қалайын дедім. Қолым дірілдеп, қолымдағы бокалды түсіріп ала жаздап барып есімді әзер жидым.


Бір мезгілде ашу, күдік, қызғаныш, түсініксізсезімдер араласып, барлығы бетіме шықты ғой деймін. Ол қорқып кетті.


«Жо-жоқ, бізден күдіктенбе. Бұл тек менің ұсынысым, күйеуің мүлде білмейді. Арамызда түк жоқ. Мен бірінші саған айтып, сенің рұқсатыңмен, сенің көмегіңмен күйеуіңе айтпақпын. Оның келіспеуі де мүмкін ғой» деп ақталып кетті.


Өзімді әзер сабырға келтіріп, үйге қайттым. Дел-сал болып, ойымды әрең дегенде жиып, ертеңіне оның ұсынысын басқа қырынан қарап көрдім. Тура сол күні кішкентайым ауырып, бір аптаға жұмысымды онлайнға ауыстыруға тура келді. Бұл да бір жағынан дұрыс болғандай, әйтпесе оны көрсем қайта ашуыцм шығып кететін сияқты көрінді маған.


Ол уатсапта жазды, қоңырау соқты, жауап бермедім. Күйеуіме де айтпадым, сырттай бақыласам, ешбір күдікті әрекеті жоқ. Ең соңында құрбым өзі үйге іздеп келді.

«Кешірші, сөзімді қайтып алдым... Тек бір балам болса деп қана армандадым. Баламның әкесінің кім екенін ең болмаса мен білейінші, тегін білсінші деген ойдан туған еді... Егер жүкті бослам бұл қаладан, тіпті елден де кетемін, масыл болмаймын деп ойладым...» деген ол өлердегі сөзін айтып жылап, кешірім сұрады. Екеуміз қосыла жыладық.


Міне, содан бері ойланып жүрмін. Күйеуім келіссе, мен де рұқсат берсем не болады? Ал ол баламды далаға тастамаймын десе ше? Рас қой, әкесі болған соң оған жауапты. Бәлкім, күйеуімнің екінші әйелі етсем қалай?! Бірақ балаларымыз не дейді? Төркінім ше? Оны жасырын ұстай алмаймыз ғой?!


Мойындаймын, ішімде қызғаныш та бар. Бірақ құрбымның жайы да ойландырмай қоймайды. Мұндайда не кеңес берер едіңіздер?

Осылай деген Бахира әлі шешім қабылдай алмай жүргенін айтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Басқаның баласын емізбеңдер!»: Жамбылдық азамат өз басынан қандай қиындық өткенін айтып берді


«Қарындасыма үйленіппін»: алматылық жігіт әйеліне шындықты айта алмай жүр