"Альфонс жігіттің құрығына түсіп, қаражатынан қағылған қыздар жайлы естіп, біліп жүрген боларсың? Өзің олардан сақтанып жүрсің бе? Әлде «Менде ондай болмайды, мен адамдарды бірден танимын», «Альфонстарға тек махаббатқа мұқтаж, өзіне сенімсіз әйелдер тап болады, мен ондай емеспін», «Олар қалталы, ақшалы әйел іздейді, мен кіммін, қалтасына стипендиядан басқа ақша түспейтін қарапайым студентпін» деп жүрсің бе?"
Бір апталық ретрит кезінде танысқан Ардагүл осындай сұрақ қойып, ойландырып тастады. Расында, осыған дейін мені альфонс жігіт айналдыруы мүмкін-ау деген ойыма кіріп те шықпапты. Ардагүлдің әңгімесінен кейін мұның бекер екенін түсіндім.
"Біз де солай ойлағанбыз. Құрбым екеуміз. Сөйтсек, оның бәрі бос сөз екен.
Жақында ғана бір жігіт құрбымды «қадап» кетті. Екі миллион теңге несие алдырып, атына аудартып алған. Мені де таныстырған, бірнеше рет дастарқандас болған едік. Ол жігітті альфонс боп шығады деп екеуміз де күдіктенбедік.
Әдетте альфонстар туралы «Ол – сымбатты, сәнді киінетін, сыпайы, епті, алғашқы кездесуден-ақ мақтап, комплиментке көміп тастайтын, сосын кафеде әмиянын «ұмытып кететін» жігіт» деп ойлаймыз ғой. Басты қатеміз де сол екен.
Қазіргі альфонстар да ақылды. Олар әйелдердің ойын, тіпті интуициясын жақсы түсінетін секілді. Соған қарай бейімделгіш. Өз бейнесін асқан шеберлікпен жасап, әрекеттерін барынша табиғи түрде іске асырады, тіпті байқау қиын.
Әлгі жігіт құрбымды анасымен таныстырған. «Бұл деген – маңызды қадам ғой» деп сеніп жүрсек, ол әйел – сыбайласы, туыс әпкесі екен. Құрбыма жұмыс істейтін сияқты болып көрінген. Өйткені, телефонына әріптестері хабарласады, маңызды жобаларды талқылайды. Арасында «жұмыста проблемалар болып жатыр» деп, оларды шешеді жүйкесі жұқарып. Соңында білгеніміз – оның бәрі ойластырылған қойылым болып шықты.
Альфонстар – шебер манипуляторлар. Сенің ең осал жеріңді табады да, дәл соған соққы жасайды. Олар кейде әйелдің аналық инстинктімен де ойнайды. Өзін өмір жолы қиын, тағдырдан теперіш, адамдардан қорлық көрген жан сияқты көрсетіп, аяушылық тудырады. Бұлар – бірнеше мысалдар ғана. Негізінде альфонстар мен алаяқтардың ойы ұшқыр, білімі терең, қиялы кең болатын секілді. Олардың жаңадан ойлап тапқан алдау схемасын, сценариін болжау өте қиын. Ендеше, альфонстан қалай қорғануға болады? Қорғанамыз деп әр жігіттен күдіктеніп, қарым-қатынастан қорқып, паранойяға салынып кетпейміз бе? Олай болмауы үшін жүректі де, ақылды да іске қосу керек екен.
Жігіт жайлы білу үшін, оның өзі айтқан сөздерімен шектеліп қалма. Іздеу жүйесі мен әлеуметтік желілерге жүгін. Желідегі аккаунттары, мемлекеттік ресми сайттар арқылы зерттеп, жеке деректерін білудің жолдары бар, соларды қолдан. Фотосурет арқылы іздеп көр. Көп альфонстар аты-жөнін өзгертеді. Ар-ұятың мазалай бастаса, өзіңе мына сұрақты қой: «Мен өз қауіпсіздігім үшін жасап жатырмын ба? Иә. Ендеше, мен дұрыс жасап жатырмын».
Бір ғана туысымен, санаулы досымен танысу жеткіліксіз. Мүмкін болса, «саған деген ойым шынайы» деген жігіттің отбасымен, ортасымен көбірек танысуға тырыс.
Оның әр сөзіне мән бер. Не айтып жатыр? Сөзі қисынды ма? Күнделікті өмірі, отбасы, жұмысы туралы көп сұрақ қой. Сөз арасындағы кішкентай қайшылықтарға, сәйкессіздіктерге назар аудар.
Өзің үшін ең басты ережені орнатып ал: «Ешқашан жігітке ақша бермеймін!» Егер ол шын қиналып, қаржыдан қысылып тұрса, тығырықтан шығу үшін көмекті басқа жандардан сұрасын. Оның айналасында сенен де басқа жандар бар. Достары, ағалары, ата-анасы, әпке-жезде, әріптесі... Ал егер шын қиналып тұрғанына көзің жетсе, «кейін ол ақшаны қайтармайды» деген сеніммен қарап, шешімді сосын барып қабылда. Қайтармаған жағдайда ақшаға ішің аши ма? Өзіңді ақымақ санап өкінесің бе? Жігітке ренжисің бе? Бұл сұрақтарға нақты әрі нық түрде «Жоқ» деп жауап бере алсаң ғана, ақшалай көмегіңді ұсынуыңа болады.
Әрине, бұл кеңестер альфонстан сақтануға жүз пайыз кепілдік бермейді. Шын мәнінде, альфонстың құрбаны кез келген әйел болуы мүмкін. Сондықтан, құрығына түсіп қалып жатсаң, өзіңді жазғырма. «Ақымақпын!» деп аһ ұрма. Сол ақшаға баға жетпес өмірлік тәжірибе сатып алдым деп сана."
Сөзін осылай қорытындылаған Ардагүлдің кеңесін ERNUR.KZ порталының оқырмандары да оқыса, ой түйсе екен деймін.
Д. Сыздыққызы