«Балама дұрыс қара» деп бұйырады»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Адамда арман таусылған ба? Бірі денінің саулығын бақыт деп санайды. Ендібірі бір перзентке зәру. Кейбіріне қыз керек, ал біреулер ұл тумадым деп арманда. Бұл – тағдыр. Басыңа түссе көнесің. Ал көнбей, өзіңше әрекет етсең, оның түбі неге әкеліп соғады?
Жамбылдық Алтынай ханым да ұлды болу жолында істемегенім қалмады дейді. Оқиғаның қалай болғанын кейіпкердің өзі ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Жолдасым Жәкеңмен студенттік шақтан бері біргеміз. Сүйіп қосылдық, бір-бірімізге деген сезімнің арқасында шығар, талай қиындыққа кездессек те, ажырасу туралы ойламаппыз.
Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» деген рас екен. Біз жолдасым екеуміз ұлды болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. «Ұл туам» деп тоғыз құрсақ көтердім. Екеуін тастап қойдым. Жетеуін аман есен босандым. Бәрі қыз болды. Күпірліктен Құдай сақтасын, қыз жүрген жер береке ғой. Десе де ауылдағы ағайын-туғандардың сыпсың сөзінен құтыла алмай-ақ қойдық. «Жәкеңе ұл керек қой» деп құдды бір күйеуімнің артында мол мұра тұрып, оған ие боп қалар жан жоқтай мүсіркейтін. Қазір екеуміз де ауылда, қарашаңырақта тұрамыз. Ол кісі мал доқтыр болып істейді, мен мектепте мұғаліммін. Ауылдың адамдары белгілі ғой, өсекті қаулатып әкетеді. Бірі жаны ашығансып айтса, енді бірі сыртымыздан күліп, табалап айтады. Онысы жолдасым екеумізге ұнамайтын. Талай мәрте осындай әңгіме үшін ұрыстық, жыладық, бір-бірімізді жұбаттық. Бірақ, обалы не керек, күйеуім ешқашан «Тоқал алайын, ұл болайын» демеді. Бергеніне шүкіршілік етті.
Қыздарымыздың бәрі шетінен білімді болды. Үлкен үшеуі бізге салмақ салған жоқ, мектепті үздік бітіріп, университетке грантқа түсті. Екі қызымыз оқуларын бітірген соң өз теңдерін тауып, тұрмысқа шықты. Тұңғышымыз Алматыда тұрады, екіншісі Шымкент жақта.
Айтайын дегенім, үлкен қызымның ата-енесі былтыр күйеуімнің елу жылдық мерейтойына келіп, көпшіліктің көзінше «Құдамыз бізге бөтен адам емес, туғанымыздай болып кетті. Бізге алтындай қызын беріп, әулетімізді үлкейтіп отыр. Біз сол үшін дән ризамыз. Енді мынадай ойымыз бар: қыздарыңыз Алла бұйыртса күзге қарай босанады, ұл болса, біз сол нәрестені өздеріңізге берсек дейміз. «Жиен ел болады, жайлы болса, желке ет болады, майлы болса» деген бар. Жиен деп шеттетпесеңіздер, сол бала сіздердің бала болсын, біз шын разылығымызбен беріп отырмыз» деп дүйім жұртқа жария етті.
Негізі бұл әңгіме тойға дейін де айтылған. Біз қуана келіскенбіз. Бірақ сол әңгімені көпшілікке құдалардың өзі айтса деп өтіндік. Өйткені ауылдың адамдары дұрыс түсінбей, тағы өсектеуі мүмкін ғой.
Қош, сонымен құдалар сөзінде тұрды. Қызымыз аман-есен босанып, бөпесін қолына алды. Перзентханадан шығарда біз әулетімізбен арнайы барып, баланы өз бауырымызға бастық. «Ұлды болдық», «Алтынай шекесі торсықтай ұл тапты» деп бүкіл елге жария еттік.
Үйге келген соң Жәкең байлап отырған дәу қошқарын сойып, елді жинап шілдехана тойын берді. Қырық күнге дейін қызымыздың біздің үйде, бөпесіне қарап, өзі терлеп, шілдесінен шықты.
Қырық үшінші күн дегенде құда-құдағи келіп, қызымызды өздерімен алып кетті. Кетерінде қызымның көзі жасаурап, бөпесін қимай қалғанын анық сездім. Бөлмесінде анау-мынауды сылтауратып жүріп алды. Оның бұл қылығы менің жүрегімді тілім-тілім етті. Ана ретінде оның сол кездегі сезімін жақсы түсіндім. Бірақ бүкіл елге әйгілеп қойған соң, бізде де шегінерге жол жоқ еді.
Сол бала қазір алты айдан асты, өзім декреттік демалысқа шығып, бар уақытымды арнап отырмын. Күн өткен сайын қылығы шығып, тәтті болып келе жатыр. Жәкең де жұмыстан келе сала баламызға қарай жүгіреді. Бар ермегіміз Жақсылық баламыз болып тұр.
Бірақ... бірақ қызым әлі қимайтын сияқты. Телефонның бейнеқоңырауымен сағат сайын хабарласады. «Мама, қарны тоқ па, ауырып қалмады ма? Дұрыстап қараңыз!» деп бұйрық береді. Онысы енді жыныма тиейін деді. Бір күні «Мама, Жақсылықты біраз уақытқа бізге әкеліп, тастап кетіңізші, сағынышымызды басайық» деп қиылды. «Күн салқын, жолда ауырып қалады» деген сылтаумен апармадым. Түбі жақсылықпен аяқталмайтын сияқты. Құдағидан бұрын өз қызым шыдамайтын сияқты. Бұлай кете берсе «Баламды өзіме бер» деп тартып ала ма деп қорқамын.
Ішімдегі шерді абысындарыма да айта алмаймын. Табалап шыға келеді. Амал жоқ, өздеріңізбен бөлісіп жатырмын. Лажы болса таныс адамнан бала асырап алмау керек екен. «Құдай-ай, келісіп неміз бар еді, одан да балалар үйінен ала салмадық па» деп күйеуім екеуміз күнде өкінеміз».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Келіндерім сыйдырмай отыр»: кейуана қартайғанда қайда барып тұрақтарын білмей жүр