Бірақ сыныптасы отбасылы...
«Мектепте бастауыш сыныпта бәріміз «Шырылдауық шегіртке, ыршып жүріп ән салған...» деген өлеңді жаттап өстік қой. Осыны жоғары сыныпта жаттатқызса мүмкін мен сияқтылар аз болар ма еді, кім білсін?!», - деген күрсініспен бастады ол әңгімесін.
Жасы бүгінде 43-тен асқан Жанна есімді түркістандық келіншек жастық шағының көзді ашып-жұмғанша қалай өтіп кеткенін байқамағанына өкінеді. Әлі күнге дейін пәтер жалдап жүрген оның тұрақты жұмысынан басқа ешнәрсесі жоқ.
Тым болмаса осы уақытқа дейін бір бала туып алмағанына өкініш білдірген Жанна алғашқы махаббатына өз ойын жасырмай айтыпты.
Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне баяндады:
«Мен бірінші курсты аяқтаған жылы әке-шешем бір күнде өмірден өтіп кетті. Жол апатынан қайтыс болды. Менен кейін бір сіңлім мен інім бар. Біреудің баласын кім асырайды дейсіз?!
Дегенмен үлкендер өзара ақылдасып, үлкен нағашым інімді, ал әкемнің қарындасы сіңлімді бауырына басты. Қамқоршы ретінде құжаттар әзірлеп, өз балалары сияқты аттарына жазып та алды. Мен студент болғандықтан шығар, мен туралы ешқандай сөз болмады.
Қаладағы жатақханада тұрып, оқуымды жалғастыра бердім. Бірақ оқу ақысын төлейтін кезде қатты қиналдым. Әлі үш жыл оқуымның ақысы бар, мен оны қалай төлеймін?
Көп ойландым. Оқуымды тастап кетпек болдым. Деканаттан құжаттарымды алмақ боп барғанымда, декан «Диплом керек қой, ертең осы қадамыңа өмір бойы өкінесің. Сабақтан соң ыдыс жу, даяшы бол, қалайда ақша тауып оқуыңды бітіруге тырыс. Құжаттарыңды бермеймін» деп қайтарып жіберді. Кураторым да менің оқуды жалғастырғанымды қалады. Ол тіпті мен тұрып жатқан жатақханаға еден жуушы етіп орналастырып берді. Ол жатақханада менің группаластарымның біразы тұрады. Басында қатты ұялдым, намыстандым. Бірақ ақша керек.
Түнде барлық студенттер ұйқыға жатқанда, кейде таңғы сағат 4-те тұрып жатақхананың еденін жуатынмын. 5 қабаттың еденін жуып болам дегенше, су тер болам. Кейін жуынып-шайынып институттағы оқуыма барамын.
Еден жуып, күндіз-түні оқу ақысын қалай төлеймін деп ойланып жүретін бойжеткеннің айналасына мойнын бұруға шамасы да келмейді ғой. Дилом алғанша әр түрлі жұмыс істедім. Әйтеуір оқуды бітіріп шықтым. Сенетін ешкімім болмағандықтан, жұмысқа орналасуды ойладым. Сосын ай сайын алатын арзымайтын жалақыны пәтерақыға, тамаққа жеткізуді ойладым. Күнкөріспен күндерім өтіп жатты.
Жасым отыздан асқаннан соң ғана тұрмысқа шығуды ойладым. Осындайда жаны ашып, жігіт іздеп таныстыратын, ақыл айтатын туған әпке-жеңгеңнің болғаны жақсы екен. Ал менде жанашыр адам болмады. Оның үстіне қиындықты көп көргендіктен мен ештеңесі жоқ жігітке тұрмысқа шыққым келмеді.
Өмір жолында жақсы, қалталы жігіттер жолықты. Бірақ бір таныс келіншек айтпақшы, «Егер сенің ойындағыдай керемет еркекпен таныссаң, онда оның әйелі бар екеніне сене бер. Өйткені оның кемшіліктерін түзеген әйелі». Ал бойдақ жігіттерде кемшілік пен «жоқ» көп.
Өстіп уақытым өте берді. Тапқаныма киініп, ішіп-жеп жүре беріппін. Әрине, менде де махаббат романдары болды. Бірақ мен ұнатқан еркектің бәрі де отбасылы боп шығатын.
Осы уақытқа дейін тек отбасылы еркектерді ұнаттым. Олардың бірнешеуімен көңіл қосып, кездесіп те жүрдім. Онда да олардың апарған қымбат ресторанын, анда-санда әперетін киімін қанағат етіппін. Ешқайсысына үй әпер демеппін.
Әрине, қыдырдым, жүрдім, киіндім, өкпем жоқ. Бірақ біреудің ер-азаматы ешқашан менікі болмайтынын кеш түсіндім. Бала-шағасы бар азамат ешқашан оларды тастап кетпейді екен. Сондай-ақ көңілдесінен артық бала болғанды қаламайды да.
Бұлай дейтінім, менімен жолыққан еркектер міндетті түрде «сақтанатын». Яғни менің жүкті болып қалмауым үшін арнайы заттарды пайдаланатын еді. Бастапқыда бұған мән бермейтінмін, ал кейін туып алуды ойлай бастағанда олардың әрекеттері маған ауыр тиетін болды. Өзімді пайдаланып кетуге арналған жанды қуыршақ сияқты сезіне бастадым.
Әйтпесе, өзім сүйген екі-үш азаматқа «Мен сенен туғым келеді, отбасыңды мазаламаймын, тек мешітке барып некемізді қияйық» деп те айтып көргенмін. Келіспеді.
Мен көп зина жасаған шығармын, бірақ баланы некемен туғым келеді. Некесіз туылғанын қаламаймын. Сондай-ақ баламның әкесі бізбен бірге тұрмаса да өзіме ұнайтын адам болуы керек.
Не керек, неке қидырудан қашқан еркектермен байланысты үздім. Тіпті бала тууды да ойламастан, уақыттың ағымымен жүргенмін. Өйткені «бәрі кеш» деп, жалғыз өмір сүруге үйренісіп жатқанмын. Бірде мектепте бірге оқыған алғашқы махаббатымды қаладағы базардан кездестіріп қалдым.
Ол балаларына киім алуға келіпті. Ол мені түскі асқа шақырды. Ұзақ әңгімелестік, әзілдестік. Бір аптадан соң ол маған хабарласты. Тағы да кездестік қалада. Ол менің пәтерімде қонып қалды. Бірақ түнімен тек құшақтап жатты, одан әріге бармады. Өте мейірімді, адал, жақсы азамат. Оның құшақтап жатқанының өзі жаныма тыныштық сыйлайды.
Содан бері бес-алты рет кездестік. Ол достықтан аса алмай жүр. Сондай-ақ некесіз қосылуды «зина» дейді. Ал неке қидыруға батылы жетпей жүр. «Неке қидырған соң, сен менің аманатым боласың. Мен сені барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуім керек. Бала туылып жатса, оны асырауым қажет. Ал менің оған шамама жетпейді. Мен қарапайым мұғаліммін» деді соңғы кездесуде.
Түсінем, оның алты баласы бар. Оларды асырау, оқыту, киіммен қамтамасыз ету оңай емес. Бірақ маған оның ақшасы керек емес, туып алсам болды. Осы ойымды түсіндіре алмай-ақ қойдым. «Бала туу» туралы сөз қоғағалы ол тіпті қалаға келмей қойды. Тек вацапта смс жазамыз. Онда да болса, ол бала тақырыбынан қашқақтайды. Не істесем болады? Оны қалай көндірем?.. Ақыл-кеңес айтыңыздаршы.
Мен басқадан емес, алғашқы махаббатымнан тууды қалаймын. Оны жолықтырғалы ұйқым қашты, есім шығып жүр...»
Ұқсас оқиғалар:
«Мен ЖАМАН анамын»: шымкенттік әйел неге жақсы болғысы келмейтінін түсіндірді
«Күйеуім мені маскүнем етті»: тараздық әйел араққа қалай тәуелді болғанын байқамай қалған