​«Төрт қызыммен үйімнен қуып шықты»: шымкенттік келіншек күйеуі мен енесінің әрекетін баяндап берді

0
1 950

«Екеуі де Құдайдың қарғысына ұшырады»


​«Төрт қызыммен үйімнен қуып шықты»: шымкенттік келіншек күйеуі мен енесінің әрекетін баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Құдай жазықсыз пендесінің ақысын кісіге жегізіп қоймайды екен. Жазықты болсаң жөні бөлек. Яғни бұл өмірдегі әр сөзіміздің, әрбір әрекетіміздің сұрауы бар. Қырық беске келген шағымда соны ұқтым. Мені жазықсыз жазғырғандар қазір табанымды сүюге әзір», - дейді Манзура есімді әйел.


Төрт қыздың анасы өз үйінен қуылған күндерін еске алып, өз оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуіммен тұрған 11 жылым азаппен тең болды. Осы жылдар ішінде төрт қызды дүниеге әкелдім. Марқұм енем де, күйеуім де қыздарымды итке теңейтін. «Жалғыз ұлымның ізін жалғайтын ұл тумадың» деп мені жазғыратын. Олардың ойынша менің пейілім, ниетім жаман екен. Сол пейілім үшін Құдай маған ұл бермейтін көрінеді. Түсініктері солай еді, қайтейін. Маған салса он баланы топырлатып тастар едім ғой...


Марқұм енем қып-қызыл әртіс еді. Баласы екеуміздің арамызға шоқ тастап қойып, түк болмағандай қарап отыратын. Ал қыздарымды «күшіктер» деп шақырып, жұмсайтын. Байғұс қыздарым әкесі мен әжесінен жасқанып, дастархан басында дұрыстап тамақ ішуге қорқатын. Соншалықты қорланып өмір сүргенімізге қазір жыным келеді. «Келін деген бәріне көнуі керек» дегенді санама мықтап бекітіп алғам.


Осылай итшілеп өмір сүріп жүргенде күйеуім үйге көңілдесін ертіп келді. Өзі ішіп алған, «сендерге жарты сағат уақыт берем, киімдеріңді жинап, мына үйді босатыңдар!» деп тұрып алды. Көңілдесінің аяғы ауыр екен, «бұл қатын маған ұл туып береді, УЗИ ұл деп айтты» деп айқайлап, төрт қызын қақпаның сыртына өзі шығарып жіберді.


Ерте көктем еді, дала суық, көзімнен жасым тарам-тарам боп ағып, төрт қызымды жетектеп әпкемнің есігін қақтым. Бауырдың аты бауыр ғой, «мен сол албастымен баяғыда ажырас деп едім» деп бұрқылдап жүріп үйіне кіргізді. Ертеңіне көршісінің бос тұрған үйін жалға әперіп, бір айлық ақшасын төлеп, бізді көшірді.


Күйзеліске түсіп, үйде бүк түсіп жатқан жерімнен өмірге қайта бейімдеген де бауырым болды. «Мына төрт қызың аузын ашып, саған қарап отыр. Сенің жатысыңа жол болсын! Жүр, базарға шығып, сауда істейсің» деп мені сүйрелеп, танысының жанына қосты. Осылайша тұрмысымыз оңалып, ішегіміз ағарып, шырайымыз кіріп қалды. Қыздарым да бақытты сияқты, күлімдер, әдемі киімдерді киіп, қалағанын жеп, мәз болды.


Базарда тұрғасын ауыл адамдарын көріп қаласың ғой. Сондайда олар «Күйеуіңнің жағасы жайлауда, әйелі ұл туып берген. Жақында сүндет той бермекші» деп соңғы жаңалықтарды айтып қалатын. Ішімнен «Құдай, шынымен менің пейілімнен болды ма, менің төрт қызымның не кінәсі бар еді» деп қамығып қалатынмын. Соңынан «Құдайға тапсырдым, жазасын берсін олардың» деп күбірлейтінмін.


Бір күні «Мықтыбек әйелін үйден қуып шығыпты» деген «свежий» өсек жетті. Бала онікі емес екен, көңілдесі бұрынғы жігітін тауып, соған күйеуге тиетін боп, баласын ертіп кетіпті. Енем мен Мықтыбек ел-жұртқа масқара боп қалыпты. Естіген кезде қуанбадым, ішімнен аяп кеттім...


Осы күйікті енеміз көтере алмапты. Бір ай сал боп, төсек тартып жатып қалыпты. Мықтыбекке «келін мен қыздарды үйге әкелші, айтатын сөзім бар» деп жіберген екен. Мен бармай қойдым. Енемнен көңілім қалғаны соншалық, өлім аузында жатса да жүрегім жібімеді. Көп ұзамай қайтыс бопты.


Шешесі кеткесін күйеуімнің жағдайы оңар дейсіз бе, ішкілікке салынып, азып-тозып дымы қалмаған. Ара-тұра үйге келіп, үлкен қызымның пісіріп қойған тамағынан ішіп-жеп кетеді екен. Үлкенім сезімтал ғой, мені ренжіп қалмасын деп айтпайды. Оны әпкемнің қызы байқап қойып, маған айтып берді. Мен не дейін, ит те болса әкелері ғой, білмегенісіп жүре бердім.


Енді Мықтыбек кешірім сұрап мазамды алып жүр. «Қадіріңді білмеппін, менің бағым да, бақытым да сен болыпсың. Қыздарды қуып шығып Құдайдың қарғысына ұшырадым. Тағы бір мүмкіндік берші, сендерді алақаныма салып аялап өтем» деп шайналған касетадай күнде бір нәрсені айтып келе береді. Үлкен қыздарым «өзіңіз шешіңіз» деп отыр. Ал екі кішкентайым «папамызды сағындық» деп миымды жеп жатыр.


Әпкемнің күйеу баласынан көңілі қалған. «Сені адам ғұрлы көрмеген айуанға не үшін қайтып барасың» деп жібермей отыр. Басым қатып кетті. Соқа басы сопайып қалған күйеуімді аяймын. Бірақ істеген иттіктері әлі жүрегімде тұр, ойласам ашуым келеді. Не істейін, айтыңыздаршы...»