2022 жылдан бастап мынау 4 нәрсеге бас қатыруды доғарыңыз!

0
4 350

​Үйіңізге іліп қоятын психологиялық КЕҢЕС


2022 жылдан бастап мынау 4 нәрсеге бас қатыруды доғарыңыз!

Аурудың бәрі де – жүйкеден басталады дейді медицина мамандары. Бұны психологтар да жиі қайталап айтып жүр. Ендеше, мынандай 4 нәрсені уайымдауды, өзіңізді жазғыруды тоқтатыңыз.



1. «Жұрт не дейді?»

Бұл адамдар арасында, барлық елде, бүкіл ұлтта ең көп тараған уайым түрі. Көп адамның жаңа іс бастауына, өмірін өзгертуге, алға қадам басуына бөгет болатын да осы бір «Жұрт не дейді?» деген алаңдаушылық екен. Маңызды шешім қабылдауда да бұның кедергісі жетерлік. Бұл сізді жолыңыздан адастырады, өзіңіздегі «мен»-ді өлтіреді.

Олай болса, келер жылдан бастап, бұл уайымға бас қатыруды тоқтатыңыз. Өзгенің ой-пікірі өміріңізді басқаруға жол бермеңіз. Басқалардың сөзі үшін талғамыңызды өзгертіп әуреленбеңіз.

«Ауыз тесік болған соң не бірдеңеге жеп тұрады, не бірдеңге деп тұрады» деген екен бір қаламгер. Сол қаламгер ағамыз айтқандай, не істесеңіз де мақтайтын, даттайтын да адам табылады.

Жұрт не десе о десін, қамшының сабындай қысқа өмірде өзіңізге ұнайтын адаммен бірге тұрыңыз, денеңізге ыңғайлы киімді киіңіз, жаныңызға ләззат сыйлайтын жұмыспен айналысыңыз, қалауыңызды орындаңыз.



2. «Басқалар қалай өмір сүріп жатыр?»

«Басқалар қалай өмір сүріп жатыр?» деген қызығушылық өмірге деген құштарлығыңызды арттырып, алға ұмтылуға талпындырса жақсы. Бірақ психологтардың пайымдауынша, бұндай қызығушылық көбінесе адамды өз өмірінен түңілдіреді екен. Өміріңізді, жарыңыз бен балаларыңызды, тұрмысыңызды өзгенікімен салыстырудың қажеті жоқ.

Біреудің үйінде перзенті көп, біреудің қалтасында ақшасы, тағы біреудің сүйіктісі, жанкүйері көп. Біреудің үйі, келесі біреудің лауазымы биік болса, екінші бір адамның бақыты биік. Бірақ әркімнің бір кем дүниесі, бір әттең-айы бар екенін есте ұстаңыз. Төрт құбыласы түгел ешкім жоқ, өзгенің өміріне сырттай қарап қызығудың, өз күнкөрісіңізге күңіренудің қайтесіз. Жақсы өмір сүруге әрекет жасаңыз, барлық күшіңізді жұмсаңыз, ал қолыңыздан келмесе барға қанағат, жоққа сабыр етіп, өз өміріңізді сүре беріңіз.

Бес күндік жалған өмір көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Қалай өмір сүрсе де, қандай адам болса да түбінде ханның да, қараның да баратын жері – бір жер. Бастысы, адами қасиеттеріңізден таймаңыз.



3. «Әлеуметтік желідегі жазылушы саны қанша?»

Бүгінде кейбіреулерге туған-туысқаннан, жақын достардан әлеуметтік желідегі оқырман артық. Солардың саны, комментарийі, «лайк» басқаны ерекше қуаныш сыйлайды.

Дұрыс-ақ, алайда әлеуметтік желіні шынайы өміріңізбен алмастырып алмаңыз. Ондағы достарыңызға да, ұнамсыз пікір жазатын «достардың» пікіріне де соншалықты мазасыздануды доғарыңыз.



4. «Масқара6 40-қа толам (немесе жасым 40-тан асты)...»

Жастық шақтың өтіп кеткеніне өкінбеңіз. Өйткені өкінгенмен оны кері қайтара да, уақытты тоқтата да алмайсыз. Өтті, кетті.

Қазіргі жасыңызға риза болыңыз. Бет пен мойныңыздағы әжім сызықтарын санай беруді, оны жасырып әбігерге түсуді, жасыңызды еске алып мұңаюды тоқтатыңыз. Сіздің жасыңызға жетпей өмірден өтіп кеткен адам көп.

Білім алу, бала туу, армандарды орындау үшін жас мөлшері маңызды шығар, бірақ бақытты болу жасқа қарамайды. Әр сәттен, болмашы нәрселерден бақыт таба біліңіз. Мысалы оңаша отырып ыстық кофе ішудің өзі бақыт сыйлайды.


Ал, оқырман, сізге не нәрсе бақыт сыйлайды? Сондай-ақ «бас ауыртпау керек» нәрселердің қатарына сіз не қосар едіңіз?



Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Миллионер баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?


БҰЛАР әр әйелде БОЛУЫ ТИІС