Миллионер баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?

0
2 298

​Әлемге белгілі миллионер Илон Масктың анасынан кеңес


Миллионер баланы ҚАЛАЙ тәрбиелеу керек?

(фотолар ашық дереккөздерден алынды)

Бүгінде жасы 35-40-тан асса да бітірген түгі жоқ жігіттер көп. Не баспана, не жоғары білім, көлік те алмаған. Тым болмаса отбасы құрып та үлгермей, өмірінің жартысын босқа, мақсатсыз өткізгендер жеткілікті. Неге?

Бұны психологтар ата-ананың тәрбиесімен, баланың жалқаулығымен және жауапкершілігінің жоқтығымен байланыстырады. Ал бұл аталғанның қай-қайсысы да отбасында қалыптасады екен.

Осы тұста кейбіреулер «әкесіз (немесе анасыз) өстім», «балалық шағым жоқшылықпен өтті», «әке-шешемнің жоғары білім әперуге жағдайы болмады», «күн көру үшін ерте еңбекке араласып, болашағымды ойлауға шамам да болмады» деп ақталатыны анық. Ал жантану мамандары егер балаға дұрыс бағдар берілсе, өмірден өз орнын табуына жоқшылық та, қандай үйде тұратыны, киген киімі де кедергі болмайтынын айтады. Бұған канадалық белгілі сәнгер әрі диетолог Мэй Масктың балаларының өмір жолы мысал бола алады.

Оның үлкен ұлы Илон Маскты танымайтын адам жоқ шығар сірә?! Ол әлемге белгілі Tesla компаниясының негізін қалаушы, миллиардер инженер, кәсіпкер.

Бүгінде 50 жастағы Илонның өмірі ертегідегідей екенін жұрттың бәрі біледі, қызығады. Алайда оның балалық шағы мен басынан өткізген сынақтарын көп адам біле бермесе керек.

Ол да жоқшылықты, отбасылық қиыншылықтарды, әкесі мен анасының ажырасқанын көрді, түрлі мәселелерді бастан өткізді, жастайынан күнкөріс үшін тынбай еңбектенді, шаршады. Бірақ кейбіреулер сияқты өзін-өзі тастап жібермеді, ешкімді кінәламады... Бұл жерде әрине анасынан алған тәлімі мен үйреткенінің, өмір сабақтарының көп көмегі тиді.

Анасы Мэй Маск 31 жасында тиран күйеуінен кетіп қалғанда Илон кішкентай бала еді. Ол алғашқыда мінезі өте қиын әкесімен бірге тұрды, кейін Канадаға көшіп кеткен анасына барды.

Үш баласын асырау және олардың болашағын құру жауапкершілігі мойнына артылған анасының 5 жұмысты қатар алып жүргенін көрген Илон да еңбекқор боп өседі. Оны танымал, миллионер еткен де ең бірінші – еңбекқорлық.



1. ЕҢБЕККЕ АРАЛАСТЫР, ЖҰМСА

Жалқау адамның өмірі өзгермес, ал еңбекқор адам әйтеуір бір жетістікке жетпей қоймайды. «Адамды адам еткен – еңбек» деп текке айтылмаған. Сондықтан да баланы ең бірінші еңбекке баулыған жөн. Кішкентай демей-ақ үй шаруасына араластырып, жұмсай беру керек. Өйткені психологтар кішкентай кезінен үй тірлігімен айналысып, бос уақыты болмаған балалардың есейгенде көп жетістікке жететінін анықтаған.

Бұл орайда Мэй баланы еңбекке араластырумен бірге, оған үлгі бола білудің маңызы зор екенін айтады. «Торонто университетінде жұмыс істедім, сәнгерлік курспен қоса дұрыс тамақтану жөнінде мастер-кластар өткіздім. Тынбадым, өйткені балаларымның тамағы, киімі, пәтерақы бәрі менің мойнымда болды. Балаларым мені көп жұмыс істеген ана ретінде жақсы біледі, сондықтан да өздері де еңбекқор. Балаларым табандылық пен еңбексүйгіштікті менен үйренді» дейді ол.

Мэйдің балаларына ең көп айтқан сөзі де еңбекпен байланысты: «Неғұрлым көп еңбектенсең, соғұрлым жетістікке тез жетесің».



2. БАЛАДАН ЕРЕСЕК АДАМДЫ КӨРЕ БІЛ

Балаға өз өміріне деген жауапкершілікті кішкентай кезінен үйрету керек. Ол үшін баланың асты-үстіне түсіп, қолынан жетектеп жүруді доғарыңыз. Жүріп, сөйлей ала ма, осы жастан бастап киімін өзі кисін, тамағын өзі ішіп, ойыншықтарын жинап үйренсін...

Мэй ата-анасының барлық баласымен ересектерше қарым-қатынас жасағанын еске алады. Бала тәрбиесіндегі осы стильді ол өз балаларына пайдаланыпты.

«Мен ешқашан балаларымның үй тапсырмасын қатаң тексеріп, оқу үлгерімін әрдайым бақылауда ұстаған емеспін. Тек әркім өз оқу үлгеріміне жауапты екенін, болашағы адамның өзіне байланысты екенін айтып отырдым. Мамандықты таңдауда бағыт-бағдар бергенім болмаса, жоғары оқу орнын таңдауды, оқуға түсу үшін қажетті құжаттарды жинау мен апарып тапсыруды өздеріне қалдырдым. Мен оларға кішкентай кезінен бастап үлкенге қарағандай қарым-қтаныс жасадым, сендім» дейді Мэй.



3. ШОЛЖАНДАТПА!

Илон Масктың анасы баланы өбектеп, айтқанын орындай беретіндермен келіспейді. Баланың молшылыққа толы өмірін құрып, жеңіл өмір сүруіне жағдай жасамаңыз дейді ол. Оның түсінігінде, бала шынайы өмірдің қандай болатынын көріп, біліп өсуі керек. Және жарқын болашаққа өзі ұмтылып, өзі жетуі керек. Сіздің тарапыңыздан қолдау, дұрыс бағдар беру, тәртіпті, адалдықты үйрету, талпындыру жеткілікті.

«Қалауын алдына тосып, апта сайын ойыншық, ол қалаған тәттіні сатып әперуге болмайды. Жеңімпаз баланы тәрбиелеу үшін, оны қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жеткілікті: баспана, тамағы және қарапайым киім.

«Канадаға көшіп барғанда алғашқы жалақыма төсеніш сатып алғаным есімде. Өйткені отыру үшін бізде ешқандай жиһаз да болмады. Келесі жалақыма Илонға компьютер сатып әпердім, ол едендегі төсеніште отырып сабағын оқыды.

Мен балаларымды кішкентай кезінде секон-хендтен киіндіргенмін. Ал студент кезінде олар жатақханада еденге матрас төсеп жатып оқыды. Бұл олардың жетістікке жетуіне кедергі болмады. Керісінше, қиын жағдайда өмір сүру оларды жақсы тұрмысқа талпындырды» деп түсіндіреді Мэй.

Балалық, жасөспірімдік шағы осылай өткенімен, оның дүйім елге белгілі Илоны, кенже ұлы Кимбал (The Kitchen мейрамханаларының иесі) да, қызы Тоска (голливудтық режиссер, продюсер) да бас айналдырып, таңқалдырарлықтай жетістіктерге жеткен.

Бұл миллионер баланы тәрбиелеу үшін зәулім үй, қымбат киім керек емес екенін ұқтырады.



Миллионерлерді тәрбиелеп шығарған Мэй осылай деп кеңес береді. Ал сіз балаңызға қандай тәрбие, бағдар беріп жатырсыз?


Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


БҰЛАР әр әйелде БОЛУЫ ТИІС


Әйелдің бақыты жасырылған ҚҰПИЯны білесіз бе?