Бұл әдіспен барлық саладағы проблемаларды шешуге, сәтсіздіктің себебін табуға, мақсатты анықтауға да болады.
Роберт Дилтс кез келген проблеманың түйіні әрқашан өзінен жоғары жерде жатады дейді. Адаспай табу үшін ол «логикалық пирамида» техникасын ұсынады.
Нейрологикалық бағдарламаларды құрастырушы Роберт Дилтстың бұл тәсілімен әлемде қаншама адам өмірі мен бизнес сапасын өзгерткен. Оның айтуынша, әр адам өміріндегі негізгі алты нәрсеге назар аударып, түзеп отырса ешқандай кедергіге кезікпейді. Өйткені осы алты нәрсе проблемаларды тудырады да, жоя да алады.
Бұл алты нәрсені Роберт Дилтс «деңгейлер» деп атап, пирамида арқылы түсіндіреді. Проблема түйінін іздемес бұрын өміріңіздегі алты деңгейді саралап алыңыз.
ЛОГИКАЛЫҚ ПИРАМИДАНЫҢ 6 ДЕҢГЕЙІ
1-ДЕҢГЕЙ: Орта
Үйдегі, жұмыс орнындағы сізді қоршап тұрған заттар мен адамдар. Күнделікті өміріңіз, көңіл күйіңіз, іс-әрекетіңіз осылармен байланысып жатыр. Тұрып жатқан үйіңіз бен табыс тауып жүрген жұмысыңыз да осы ортаны құрайды.
2-ДЕҢГЕЙ: Әрекет, мінез-құлық
Қалай жұмыс істейсіз? Адамдармен қалай қарым-қатынас жасайсыз? Көбінесе қуантасыз ба, жылатасыз ба? Ренжисіз бе, ренжітесіз бе? Өзіңізбен қарым-қатынасыңыз қандай? Түрлі жағдайларда өзіңізді қалай ұстайсыз? Уақытыңыздың көп бөлігін қай нәрсеге жұмсап жүрсіз?
3-ДЕҢГЕЙ: Қабілет, білім, әдет
Бойыңыздағы қай қасиеттерді артықшылығым деп айта аласыз? Қиындықта қай қабілет-қарымыңызға сенесіз? Қай дағдыларыңызбен күресу керек? Білім-біліктілігіңізді жетілдіру қажет пе?
4-ДЕҢГЕЙ: Құндылықтар мен сенім
Адамның мәдениеті, өмір сүру салты, ой-пікірі, тәрбиесі, көзқарасы оның құндылықтары мен сеніміне байланысты. Сіз өзіңіздегі осыларға қандай баға берер едіңіз? Сіз үшін не маңызды? Не нәрсеге сенесіз?
5-ДЕҢГЕЙ: Рөл
Кімсіз? Қоғамда қай рөлді сомдап жүрсіз? Қандай отбасында өстіңіз? Қызметтегі, үйдегі, достар арасындағы рөліңіз? Кім болуға ұмтыласыз? Кім болғыңыз келеді?
6-ДЕҢГЕЙ: Миссия
Пирамиданың ең жоғары деңгейі өмірлік мақсат, армандар, жан қалауынан тұрады. «Кім үшін, не үшін?» деген сұрақтарды қою арқылы өз миссияңызды анықтай аласыз.
Әр адамның өмірі осындай алты деңгейден тұрады. Алтауы бір-бірімен байланысып жатыр. Әр деңгейдің сұрақтары бар. Қажетті сұрақтарға шынайы жауап берген адам ненің (кімнің) қажет екенін, нені өзгерту керектігін, қай нәрсені жетілдіруді түсініп, өмірін реттей алады.
Әйтсе де логикалық пирамиданың жұмыс істеу заңдылығын біліп алған адамға өмірін реттеу оңайырақ болады.
ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
1-заңдылық: Өміріңізге көңіліңіз толмаса, не 1-деңгейді, не 2-деңгейді өзгертіңіз. Біреуі өзгерсе екіншісі автоматты түрде түзеледі.
Адам өміріндегі проблеманың басым бөлігі бастапқы екі деңгейде жатыр. Демек, ең бірінші осы екі деңгейге назар аудару қажет. Яғни, не мінез-құлықты, не ортаны өзгертіңіз.
2-заңдылық: Проблеманың шешуі өзінен жоғары тұрған екі деңгейде жатыр.
Демек, мәселе туындаса оны сол деңгейден емес, өзінен жоғары тұрған екі деңгейден іздеу керек.
Мысалы, екі айдың ішінде темекіні тастаймын деп мақсат қойдыңыз делік. Бұл әдет, яғни 3-деңгейдегі проблема. Әдетпен күресудің қажеті жоқ, одан құтылудың жолын 4-деңгейден іздеуіңіз керек. Ал 4-деңгей көзқарас, сенім, құндылықтардан тұрады. Сұрағы: не маңызды? Денсаулықтың маңызды екеніне өзіңізді сендіріңіз, өмір сүру салтын өзгертіңіз.
3-заңдылық: Жоғары тұрған деңгей өзгерсе, онда одан кейінгі деңгейлердің бәрі өзгереді.
Мысалы, 5-деңгейге уақыт пен көңіл бөліп өзгерту енгізсеңіз, оның астында тұрған төрт деңгей біртіндеп өздігінен реттеле бастайды. Ал өміріңізді түгелдей өзгерту үшін 6-деңгейді, яғни мақсатыңызды өзгертуіңіз керек. Дилтс пирамидасын мақсатты анықтауға да пайдалануға болады.
МАҚСАТТЫ АНЫҚТАУ және ОҒАН ЖЕТУ
Әр деңгейдің сұрақтарына жауап бере отырып мақсатты анықтауға да, оған жету әрекетін жоспарлауға да болады. Қиын емес!
1-деңгей: Қайда? Кіммен?
Мақсатыма жеткенде қайда тұрамын? Қайда саяхат жасаймын? Қандай киімге, көлікке, баспанаға, кімге қол жеткіземін? Үйімде, жұмыс орнымда қандай заттар болады? Мен кімдермен араласамын?
2-деңгей: Не істеуім керек?
Мақсатыма жету үшін не істеуім керек? Қандай қадам жасау қажет? Ол үшін кері тартатын кімдермен байланысты үзіп, кімдермен араласқаным жөн?
3-деңгей: Нені? Қайсы?
Қайсы қабілетім көмектесе алады? Оны қалай шыңдаймын? Қай әдеттер кедергі болады? Қайсы кітапты оқығаным дұрыс? Нені білуім керек?
4-деңгей: Не маңызды?
Бұл мақсат несімен маңызды? Нәтижесінде мен не ұтамын? Бұл маған керек пе? Өмірімде не өзгереді?
5-деңгей: Кіммін?
Мақсатыма жетсем, мен кім боламын? Отбасымда, туған-туыс ортасында, достар арасында рөлім қалай өзгереді? Маған бұл рөл ұнай ма?
6-деңгей: Неге? Не үшін? Кім үшін?
Не үшін мен бұл мақсатқа жетуім керек? Кім үшін қажет? Менен басқа кімдерге пайдасы тиеді?
Дилтстың зерттеуінше, көбінесе адамдар 6-деңгейдің сұрақтарын қойғанда таңдаған мақсатының өзіне қажет еместігін айтып өзгертеді екен. Сондықтан ең бірінші мақсат адамның жан қалауымен үндесуі қажет дейді. Ал мақсатты нақтылап алған соң, оған жету жолын жоспарлау үшін, жоғарыдан төмен қарай жылжи отырып, әр деңгейдің сұрақтарына жауап жазу қажет.
Өміріңізді жылдам өзгерткіңіз келсе, осы 6-деңгейдің дұрыстығына көңіл бөліңіз. Ол дұрыс болса, қалған бес деңгей де дұрысталады.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Неліктен әр күнді жоспарлау керек?