​Баланы ҚОРҚЫТПАЙ, АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеуге болады

0
3 147

Ал балаға сөздің күші жетпесе не істеу керек?


​Баланы ҚОРҚЫТПАЙ, АЙҒАЙЛАМАЙ тәрбиелеуге болады

фото: melkie.net

Бала балалығын жасайды бәрібір. Сондықтан, мұндай кезде ата-анаға сабыр керек. Оны күш қолданып, қорқытып тәрбиелеймін деу көмектеспейді. Сіздің айғайлап ұрысқаныңыздан қорыққан баланың үні шықпай, басыла салуы мәселенің шешімі емес.

Мұндай қатал тәрбие, үнемі қорқытып-үркітіп, жекіріп тәрбиелеу баланың дамуына кері әсерін тигізеді.

Ал балаға сөздің күші жетпесе не істеу керек?


Күш-жігеріңізді мәселені шешуге жұмсаңыз

Баланы тәрбиелеуде аса қатты эмоцияға берілудің пайдасына қарағанда зияны көп болмақ. «Не бүлдірдің, ақымақ? Есектің миын жеген...» деген сияқты балаға ауыр тиетін сөздерді айтқаннан гөрі, «бұны қалай қалпына келтіреміз?», «қайтіп жөндесек болады?» деген сұрақтармен онсыз да өзін кінәлі сезініп, қорқып тұрған баланың көңілін аударып, шешімін табуға болатын мәселе екендігін түсіндіріңіз. Осы әдіс екеуіңізге де көп пайдасын тигізеді әрі нәтижелі болады.

Осындай сұрақтармен сіз энергияңызды дұрыс бағытқа жұмсап, ашуыңызды ауыздықтап, мәселені шешуге әрекет еткен боласыз.


Ережелерді өзіңіз де бұзбаңыз

Балаға эмоционалдық тұрғыдан байлану оның барлығын жасауына рұқсат ету дегенді білдірмейді. Керісінше, балаға деген шынайы жақсы көру – бұл оған рұқсат етілген нәрселердің шегін үйретіп, өмірін тәртіпке келтіру. Әрбір отбасында өзіне ғана тән ішкі ережелер болады, бұл баланы ересек өмірде күтіп тұрған өмір сүру ережелерін, заңдарын қабылдауға бейімдейді. Үйдегі ережелерді сақтауды балаңыздан талап етерден бұрын, өзіңіз де сол ережеге бағыныңыз.

Егер балаңыздан ата-анасының бөлмесіне есікті қағып кіруін талап етсеңіз, өзіңіз де баланың бөлмесіне рұқсат сұрап кіріңіз. Кешкі астан соң, тәтті жемесеңіз, балаларыңызға да соны үйретіңіз.


АШУыңыз келсе, сөзбен білдіріңіз

Жұмыстан шаршап келіп, балаңыздың «бірге ойнайық» деген өтінішін орындаудан бас тарттыңыз делік. Бала әлбетте мұндайда сізге ренжиді. Егер ренішін білдіріп, қиғылықты салып жыласа, тентектік жасап, сізді «жұлқылай» бастаса, оны сүйреп апарып бөлмесіне қамап қою дұрыс емес. Бұлай жалғаса берсе, балаңыздың агрессиясын күшейтіп, есейгенде ашуланшақ, ызақор болып өсуіне жол ашып бересіз.

Оған ашуланып, айғайлағанның орнына, оны құшақтап, «Не үшін анаңды (әкеңді) ренжітесің? Саған ренжідім, сондықтан ойнағым келмейді» деңіз. Даусыңызды нық, қатты етіп, ашуланғаныңызды осылай білдіріңіз. Баланың эмоциясы тарай бастағанда анасын, әкесін ұру жақсы емес екендігін түсіндіріңіз. Баламен ересек адам секілді сөйлесіңіз, түсінбейді деп ойламаңыз. Бала барлығын түсінеді. Егер түсінбеді деп ойласаңыз, қайта-қайта айта беріңіз, санасында жатталып қалады.


фото: sueveriya.com


Баланың сезімдерімен санасыңыз

Баланың сезімімен санасу эмоционалдық байланыстың бір түрі болып есептеледі. Сіз қорқыныш жоқ екенін ғана емес, баланы түсініп, қабылдайтыныңызды көрсетуіңіз керек. Сіз балаңызды қандай кезде болса да жақсы көресіз солай ма? Ендеше балаға да соны ұғындыра біліңіз.

Бала ашуланып тұрғанда, көңіл-күйі болмағанда, жалғыздықты сезініп жүргенін байқасаңыз, оның қандай көңіл-күйде жүргенін, оның жағдайын түсініп тұрғаныңызды айтыңыз. Сол кезде бала өзін керексіз сезінбейді. Өзінің жан-дүниесін түсінетін адамның бар екенін ұғып, сізге ашылып сырын айта бастайды. Ал баланың ішкі сырын бөлісуі оның жан тыныштығына, сезімдерін бүгіп қалмауына көмектеседі.


Күш қолданбаңыз

Әрине баланы жазалау тәрбиенің бір түрі шығар, бірақ жазалаудың ең ауыр түрі күш қолдануды тәрбиелеу әдісіңізден алып тастаңыз. Өйткені баланы ұрып-соғу, ер бала болса, тепкілеу, бұрышқа тұрғызып, қараңғы бөлмеге қамап, күні бойы аш қалдыру, шыбықпен сабау секілді ата-ананың тарапынан агрессияға толы іс-әрекеттер баланың жүріс-тұрысын, мінез-құлқын жақсы жаққа өзгертуге көмектесе алмайды. Керісінше баланың мінез-құлқын жаман жаққа қарай бұрып жіберуіңіз мүмкін бұл әдісті қолдану арқылы.

Кішкентай кезінде бала өзінің реакциясын емес, үлкендердің, оның ішінде ата-анасының реакциясы туралы ғана ойлана алады. Ал ең жақын адамдарынан қорыққан бала психикалық қарама-қайшылықтарға кезігеді. Миының бір бөлігі оны қорқытқан ата-анасынан қашуға асықса, екінші бөлігі қорғануға, көмек іздеуге ұмтылып, тығырыққа тіреледі.

Психологтар «зорлық-зомбылық, қысымды көріп өскен бала есейгенде өзі де өзгелерге соны көрсетеді» дегенді бекер айтпайды. Өйткені баланың санасында «күш қолданып тәрбиелеу қалыпты» деген бағдарлама жазылып қалады.

Егер бала ойыншықтарын шашып немесе гүл салынған құмыраны қиратса, ұрумен мәселе шешілмейді, оны өзіне жинатыңыз. Мектепте оқу құралдарын, киімін ұмыт қалдырса, сыныптастары мен мұғалімдерінен көмек сұрасын. Сіз бұл арқылы баланың бойына жауапкершілікті құя аласыз. Баланың өз мәселесін өзіне қалдырыңыз, өзі шешіп үйренсін. Жауапкершілікті кішкентайынан сезініп өсетін болады.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ» артық салмаққа, сырқаттануға және кедейлікке бейім

ӨЗІМШІЛДІКті жеңу - БАҚЫТТЫ болудың бастамасы