Психологиялық 100 кітап оқысаңыз да, мықты 10 психологтың сабағына қатыссаңыз да осы бір нәрсені істемейінше жетістікке жете алмайсыз.
Тағы да бірер айдан соң мерекеге толы мамыр басталады. Бәріміз 9 мамырда батыр аталарымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлігін еске алып, жеңіс күнін атап өтеміз. Ал сіз өз өміріңіздегі қай істі «жеңісім» деп атаған болар едіңіз? Отан үшін емес, өз өміріңіз үшін жасаған ерлік істеріңіз бар ма?
Ерлік ісі көп адам қайсысын айтарын білмей кідірсе, айтары жоқ адам сөз таппай мүдіреді. Ал сіз қандай істі ерлікке теңеуге болатынын білмей кідіріп мүдірсеңіз, мысал келтірейін.
МЫСАЛ: Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабындағы бір батырдың үш ерлігі туралы айтылған тұсын еске түсіріңізші.
«Баяғыда қазақтың бір батырынан өміріңізде өзіңіз сүйсінген неше ерлігіңіз болды деп сұрапты. Батыр мынадай үш ерлігін айтып беріпті.
«Бір ұрыста жау қолына түсіп қалдым. Қалмақтың мені олжа еткен батыры еліңнің ерлерін ата, олардың осал жерлерін айт, қазақтың ұлы өзенінің өткелін көрсет деп қинады мені. Мен айтпадым да, көрсетпедім де.
Содан кейін ол мені кеңірдегімнен қылқитып жаңа сойылған өгіздің жас терісіне қаптатып, босағасына байлатып қойды. Жас тері жаздың ыстығында бір-ақ күнде кеуіп, сірі боп шыға келді. Күн көтеріле сіріге шелектеп су құйдырады. Ол кезде сірі сəл кеңиді де, құрыс-тырысым жазылып, рақаттанып қаламын. Күн қыза сірінің суы кеуіп, ол енді қайтадан құрысады. Өгіз терісінен жасалған темірдей сірі жан-жағымнан құрсау боп қысқанда сүйектерім сытырлап, өліп кете жаздаймын. «Жауға жанынды берсең де, сырыңды берме» деген емес пе? Өлсем өлермін, бірақ сырымды бермеспін деп тістеніп, күн сайын бір уыс боп бүрісемін де қаламын. Өстіп бір ай жаттым. Бір айдың ішінде арыстай басым аруақтай болды да қалды. Бір айдан кейін қазақтың бас батыры келіп, мені қинаған жауды өз қолымен өлтіріп, мені қысқан сіріні өз қолымен тіліп, босатып алды. Бір ай сіріде жатқанымда қынқ етіп үн шығармағанымды бір ерлік деп білемін.
Түнде, мен далада ұйықтап жатқан жерімде сұп-суық бірдеңе бақайымнан көтеріліп, кеудеме шығып, жоғары қарай өрмелеп келе жатқанын сезіп, оянып кеттім. Қозғалмай жатып, байқасам, бақайымнан бері қарай өрмелеп келе жатқан ұп-ұзын жылан екен. Ұшып тұрсам, оның шағып алатынын білдім де, сенің іздеп келе жатқаның осы ғой деп, аузымды аша бердім.
Жылан апандай боп жатқан ауызға басын сұға бергенде мойнынан қыршып алдым да, жыланның басын жерде шеңбердей боп шоршып жатқан денесінің қасына түкіріп тастадым. Екінші ерлігім осы деп есептеймін.
Жиырмаға жаңа ілінген қылшылдаған шыдамсыз жас шағымда өне бойымды қышыма қотыр басып, орнымнан қозғала алмай, жатып қалдым. Сонда тұла бойым отқа күйгендей дуылдап, қанша қышынып, қиналсам да, етіме бір рет тырнақ тигізбей, шыдадым. Осыны үшінші ерлігім деп айтар едім, депті батыр».
Сүрініп құлағанда қайта орнынан тұру – ерлік іс. Таңертең ұйқыңыз келіп тұрса да басыңызды жастықтан көтеріп өзіңіз далаға жүгіруге алып шықсаңыз, бұл – ерлік. Түнде тәбетіңіз ашылып тоңазытқышты ашып тамаққа қарап тұрып, одан бас тартсаңыз – ерлік. Ашуыңызды ауыздықтасаңыз – ерлік.
Осындай кішігірім ерліктерді істей алмаған адамның қолынан үлкен ерлік жасау келмейді. Сондықтан күнде бір кішкентай ерлік жасауды дағдыға айналдырған жөн.
НЕ ҮШІН ЕРЛІК ЖАСАУ КЕРЕК?
Психологтар бір жетістікке жету үшін алдымен бір нәрсені жеңу керектігін айтады. Яғни жетістікке тек жеңу жеткізеді, ал жеңу – ерлік.
Батыр аталарымыздың ерлік істерін еске түсіріп, әлдебіреудің ерлігін қайталауды ойлап отырсыз ба? Тоқтаңыз! Жеңісті өз бойыңыздағы жаман әдеттерді жеңуден бастаңыз.
Қандай жаман әдеттеріңіз бар? Атаңызшы!
...Ойланбай сөйлеу, өзгенің сөзін бөлу, ұстамсыздық, жалқаулық, көп ұйықтау, темекі тарту, ойынқұмарлық, түнделетіп қыдыру, бүгінгі істі ертеңге қалдыру, бастаған істі аяқтамау, ашуланшақтық, қызғаншақтық, жауапсыздық...
Әркім өз бойындағы осындай және басқа да жаман әдеттерін жақсы біледі. Сіз де жаман әдеттеріңізді тізіп шығып, әр айда бір жағымсыз әдетпен күресіңіз. Жаман әдеттеріңізді жеңу арқылы сіз нәпсіңізді өзіңізге бағындыра аласыз. Ал нәпсісін бағындыра алған – нағыз жеңімпаз.
Есіңізде болсын: ең бірінші нәпсіңізді жеңіңіз. Оны өзіңізге бағындырмайынша жеке өміріңізде, қызметте, бизнесте де ешқандай жетістікке, жеңіске жете алмайсыз.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
Осы НӘРСЕні істесең – мәселеңнің бәрі өздігінен ШЕШІЛЕДІ