Өмір - марафон емес...
Фото: Dzen.ru
Бүгін сен тағы да біреудің жетістігіне қарап өзіңді бағаладың ба? Біреудің жаңа көлігі, жаңа қызметі, немесе шетелге сапары көңіліңді түсірді ме? Өзіңді өзгелермен салыстыруды тоқтат!
Неге? Өйткені бұл ең бірінші ішкі тыныштығыңды ұрлайды. Екіншіден, өз өміріңе көңіл толмауға, өз-өзіңе сенімсіздікке және мотивацияның жоғалуына себеп болады. Ең жаманы, соңы күйзеліске жетелейді. Айта берсек, бұның теріс салдары көп. Сондықтан ешкіммен жарыспа, өмір сүр.
Әр адамның өз жолы бар
Әркімнің өмірлік жағдайы, мүмкіндігі, тәрбиесі, уақыты мен басымдықтары әртүрлі. Бір адам белгілі бір жетістікке 20 жасында жетсе, екіншісі дәл сол жетістікке 40 жасында жетуі мүмкін – бұл екеуінің де құндылығын кемітпейді.
Табиғаттың өзі соны дәлелдейді: әр гүлдің өз мезгілі бар. Бірі көктемде бүршік атса, бірі күзде жайқалады. Бірақ олардың ешқайсысы кешіккен де, ерте шыққан да емес. Сол сияқты сенің өміріңнің де өз уақыты, өз ырғағы бар.
Мықты жақтарыңды дамыт
Адамның ең үлкен жауы – сырттағы адамдар емес, өз ішінде тыныштық таппаған ойы. Біреумен салыстыру – өз жаныңды жасытып, өмір қуанышын ұрлайтын психологиялық тұзақ.
Сен біреудің жолында жүрмейсің. Сенің мақсатың – өз болмысыңды ашу. Өзгенің жетістігіне қарап, өзіңді кем санау – ақымақтық. Түсіне білсең, бұл өзіңнің әлсіз жақтарыңды біреудің мықты қырларымен салыстыру. Бұл өзіңе жасалған әділетсіздік.
Өмір сүру – асығу емес
Асығып жүргенде өміріңнің қалай өтіп кеткенін аңғармай аласұрасың. Өмір сүру – рақаттану, сезіну, көру, риясыз күлу. Бүгінгі күннің иісі мен дәмін сезінбей, ертеңнің қамын жеу – өз өміріңді жоғалту. Сен тоқтаған сәтте ғана, өмірдің саған не айтқысы келетінін естисің. Өз темпіңмен жүр. Тоқта, сезімдеріңді тыңда. Медитация жаса. Тыныштықта өсу бар. Сабырда тереңдік бар.
Нағыз прогресс – өзіңмен салыстыру
Кеше қандай болдың, бүгін не өзгерді – маңыздысы осы. Өз жетістігіңді өз алдыңғы нұсқаларымен салыстыру – өсу мен дамудың ең пайдалы жолы. Күн сайын өзіңнің кешегіңнен бір қадам ілгері болуға тырыс. Сонда ғана шынайы даму мен ішкі тыныштыққа жетуге болады және нағыз жеңіс осы.
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:


