Сарапшылар жиынға қатысушылар мен жастарды референдумнан қалыс қалмауға шақырды.
Түркістан қаласында «Конституциялық референдум: қоғам дамуының болашағы» тақырыбында отырыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында «Конституциялық референдум: қоғам дамуының болашағы» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ ұйымдастырды.
Іс-шара қатысушылары Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылады. Отырысқа Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстанның қоғамдық даму институтының сарапшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы онлайн форматта Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері қатысты.
Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың модераторлығымен өтті. Әсем Қайдарова өз сөзінде Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін өзгерістер мен 20-дан астам қабылданатын заңдар еліміздің ауқымды саяси трансформациясына бағытталғандығын, сондай-ақ саяси жүйемізді түбірімен өзгертетіндігін атап өтті.
«Ағымдағы жылдың 5 маусымында Референдумның өтуі жоспарлануда. Осыған орай қоғамдық штабтар құрылып, халықты кеңінен хабардар ету мақсатында барлық жерлерде кездесулер өтуде. Бұл референдум заңнама түрінде еліміздің алдағы дамуына бағыт-бағдар беретін өзгерістерге әкеледі. Сондықтан референдумға қатысу әр адамның азаматтық борышы деп есептеймін», - деді жиында алғаш болып сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев.
Ал, Түркістан облысы «Ақпараттық талдау орталығы» КММ басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдулла Айкозов Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын «Жаңа Қазақстанды» құрудың тиімді бір тетігі деп түсіну керектігін айтты. Жиын соңында сарапшылар жиынға қатысушылар мен жастарды референдумнан қалыс қалмауға шақырды.