"Бұл жақтан қайтқымыз келмейді..."
Өмір адамдарды қилы-қилы жолдарға түсіреді. Бірі туған жерінен жырақтамай ғұмыр кешсе, ендір біреулер шекараның арғы жағындағы шет мемлекетте күн көреді. Әлбетте, қазіргі бейбіт заманда өзге елге тек қана өз еркіңізбен барасыз. Ешкім қинап, жетектеп апара алмайды. Тиісінше, өз таңдауымен, жүрек қалауымен шекара асқан жандар жетерлік. Солардың бірі – 2019 жылдың соңында Оңтүстік Кореяға барған Ерлан Утарбаев есімді қандасымыз. Сол отандасымызбен сұқбаттасудың орайы келіп, тыныс-тіршілігімен таныстық.
– Оңтүстік Кореяға қандай мақсатпен бардыңыз? Қазір не істеп жатырсыз?
– Мен журналистика мамандығымен Қазақстандағы көптеген БАҚ құралдарында қызмет еттім. Жасыратыны жоқ, ол кезде алатын жалақымның басым бөлігі отбасымыздың күнделікті тамағына, керек-жарағына жұмсалып, арзымайтын ақша артылатын. Отбасы болғасын қыдырғың келеді, ағайын-туыстың қызықшылығына шақырады. Сол кезде қаражат мәселесі қиындау болды. Одан бөлек, жер үй құрылысын бастағанмын. Оны бітіру үшін де қыруар қаржы керек болды. Қысқасы, қажеттіліктерді өтеудің жалғыз жолы болды. Ол – Кореяға барып жұмыс істеу еді.
Содан осы елге келіп, қазір автобөлшек өндіретін зауытта жұмыс істеп жатырмын. Бірге жұмыс істейтін тағы бір шымкенттік азамат бар. Соның көлігімен жұмысқа барып келеміз. Айта кету керек, бұл ең жеңіл жұмыс. Әйтпесе, алғаш келген кезде небір қиын жұмысты істедік қой. Ал, кәрістер жұмысыңды ұнатпаса, «енді келмей-ақ қой» деп шығарып салады. Қазір үйренісіп, тіл біліп, жұмыстың ауыр-жеңілін ажырататын деңгейге жеттік. Ең бастысы тіл біліп, тез машықтану ғой. Негізінен Кореяда жалақы сағатқа қарап төленеді. Тағы бір жақсы тұсы – зауыттардың барлығында жалақы бірдей, біреуінде айлық көтерілсе, барлығында көбейеді.
– Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның қандай айырмашылықтары бар? Өмір сүру салтына үйреніп кету қиын болмады ма?
– Әрине, екі елдің айырмашылығы өте көп. Мысалы, Корея өндіріске ден қойып, әлемдік нарықтың есігін айқара ашып кіріп отыр. Мысалы, көлік жасау саласын айтсақ болады. Тіпті, барлық саласы біздің елге қарағанда көш ілгері. Кейде, «әттеген ай, біздің елде де осындай болса екен» деп ойлап отырамыз. Олай болуы да заңды ғой. Өйткені, Қазақстан 1990-2000 жылдары экономикасын бір ізге түсірсе, Корея бұл процессті өткен ғасырдың 50-жылдары бастап кеткен.
Сосын, мынандай бір әңгіме бар. Ертеректе корей билігі тұрғындарға «кәріс халқы мықты ма, әлде тауық мықты ма?» деген сауалнама жолдап, ел азаматтары «кәріс халқы мықты» деген нұсқаны таңдайды. Сонда «егер, кәріс халқы мықты болса, тауықтардан ерте тұрып, еңбек етсін» деген екен. Содан кейін кәрістер таңмен таласа оянып, қызу тіршілікке кірісетін болған екен.
Осындай дамыған елге келген кезде өмір салтына үйрену де оңай болмады. Алғашқыда осындағы қазақ бауырлар күтіп алып, солармен бірге тұрдық. Олар шай үстінде мұндағы жұмыстың ауыртпашылығын, батықтардың қалай ұрысатынын айтып отыратын. Тіпті, келгеннен кейін үш күн өткесін елге қайтам деген шешім қабылдағанмын. Оның үстіне қайтатын билетім бар еді. Ол екі күннен кейін күйіп кетеді. Сосын, күтіп алған қайныма бұл жақта жұмыс істей алмайтынымды, елге қайтатынымды айттым. Бірақ, ол біраз жерге апарып, жас болса да жігерлендіріп, намысымды қайрап, өз сөзіне тоқтатты. Бастапқыда күндік жұмыс тауып беріп, кешке табысыңның 10 пайызын ұстап қалатын сервис арқылы біраз уақыт жұмыс істедім. Таңғы сағат 5-те тұрып жұмысқа шығатыны қиындау болды. Уақыт өте келе оған да үйреніп, жұмыс барысында түсініспеушілік туындататын тіл үйрену мәселесі де шешілді. Ал, тіл біліп, бәрін түсініп істесеңіз, мұнда ешқандай бастық ұрыспайды.
– Ол жақтағы мәдениет, тұрмыс-тіршілік қандай? Қазақ халқымен салыстырғанда кәрістердің қандай ерекшеліктері, артықшылығы немесе кемшілігін байқадыңыз?
– Мен кәріс тілін жетік меңгермесем де, Кореядағы мәдениетті «бұлар не көрсетеді екен» деп пәтерімдегі теледидар арқылы бақылап отырамын. Байқағаным, бұл жақтағы телеарналар психологияға ауыр тиетін жағдайларды, мән-мағынасы жоқ түрлі ток-шоуларды көрсетпейді. Телебағдарламаларға орта жастағы адамдар келіп, өмір сүру, тамақтану секілді тақырыптарды талқылап отырады. Яғни, БАҚ өкілдері арқылы адам өміріне пайдалы дүниелер айтылады.
Сонымен қатар, нағыз еңбек адамдарын, олардың тұрмыс-тіршілігін, өмірдің мәні еңбек екенін насихаттайтын бағдарламалар бар. Басты телеарналар өздері түсірген мағыналы, үлгі боларлық адамдардың еңбегіне арналған сериалдарын көрсетеді. Біздегідей қақтығысқа, қулық-сұмдыққа толы, өзге ұлттың мәдениетін насихаттайтын сериалдар көрсетпейді. Бұның барлығы ел мәдениетіне тікелей әсер етеді ғой.
Тіпті, бұл жақтағы полицейлердің өзі мәдениетті, адамдарды жөн-жосықсыз мазаламайтын тәрбиелі екенін аңғардым.
Мәселен, өткен Рамазан айында осындағы 50-ге жуық қандас бауырлармен ауызашар жасап, сыртта тұрған кезде екі тәртіп сақшысы келді. Біраз сұрақ қойып, біз ауызашар жайлы түсіндірген едік, артық әңгімесіз түсініп, бірге суретке де түстік. Сосын «қуыс үйден құр шықпа» дегендей, қазақшылығымызға салып, сарқыт берейін деп қанша тырыссақ та алмады. Одан бөлек, біздің өзге ел азаматтары екенімізді біле тұра, негізсіз құжат сұрап, тексеріс жасамады. Ал бізде болса, қалай болар еді? (күліп) Сондай-ақ, зауыт басшылары да өте қарапайым. Бізбен амандасып, бірге ас ішіп жүре береді. Осының бәрі мәдениеттің белгісі ғой.
Ал, кемшілігі – жастардың басым бөлігі 35-40, 50 жасқа жеткенше үйленуге асықпайды екен. Оның себебін сұрап едім, біразы жағдайын жасап, қор жинап алғасын ғана үйленетінін айтты. Мүмкін отбасы құрудың жауапкершілігін соншалықты ауыр сезінетін шығар. Бұл кемшілік па, білмедім.
– Оңтүстік Кореядағы туризм саласының деңгейі қандай?
– Негізі Кореяға турист болып келетіндердің көбі жұмыс істеуге қалып қояды. Бірақ, бұл жаққа саяхаттау қазақстандықтар үшін қымбатқа түсетін сияқты. Мысалы, бару-келу билетінің өзі 500-600 мың теңге тұрады. Оған қонақүй, тамақ, ары-бері жүргенде кететін шығынды қосыңыз. Шамамен бір жарым мың доллар кетеді. Оның орнына Дубай, Египет немесе Түркияға барған әлдеқайда тиімді.
Дегенмен, мұндай дамыған елде туристерге арналған орындар өте көп. Соның ішінде Кенбоккун, Чхангенгун секілді көне сарайларға туристер жиі барады. Олар Кореяны 500 жылдай билеген Чо Сон империясының кезінде орта ғасырларда салынған екен. Олар қаншама жылдан бергі кезеңдерде бұзылғанымен, антикалық қалпына келтірілген. Сосын, туристер дүниежүзіндегі ең үлкен музейлердің қатарына кіретін ұлттық мұражайға, Сеульдағы Намсан деген таудың басындағы мәдени орталыққа барады және сол таудың басынан түнгі қаланы тамашалайды. Ал, жазда жағалаулар туристерге толады.
Жалпы, Оңтүстік Кореяда демалам деген адамға туристік бағыттың барлығы бар. Сондықтан мұндағы қалталы адамдар демалу үшін шет елге барып жүрмейді екен. Оның үстіне кәрістердің шетелге шығатын уақыты да жоқ шығар. Олар өлгенше жұмыс істеп кетеді ғой. Мұнда біздегідей 5-6 адам жиналып алып карта ойнап отыру деген мүлдем жоқ қой. Жұмыс уақытында көшеден адам көрмейсіз. 60-70 жастағылардың өзі бізбен жарысып жұмыс істеп жүреді. Мен соған тәнті болам! Оның да өзіндік себебі бар. Себебі – Кореяда қарттардың зейнетақысы аз және олар жинаған ақшасын балаларына қалдырып кетеді. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр сияқты. Жалпы, бос жүрген адам көрмейсіз.
– Өзіңіз өмір сүріп жатқан жер жайлы да айта кетсеңіз.
– Қазір Пусан қаласына қарасты Янвун қалашығында тұрамын. Оңтүстік Кореяда кемеге жүк артатын ең ірі порттың екеуі де Пусан қаласында болса, біреуі мен тұратын қалашықта. Сондықтан мұнда жұмыс өте көп. Демалыс күндері де портта жұмыс істейтін қазақ жігіттерін танимын. Сосын кеме құрастыратын үлкен зауыт бар. Ол жерде мен де жұмыс істеп көріп, Титаниктен де үлкен, 5-6 қабатты тұрғынүйлермен бірдей кемелерді құрастырып, оны теңізге түсіріп жатқанын көргенде таңғалдым. Сөйтсем, Оңтүстік Корея кеме жасаудан ең үздік үш елдің қатарына кіреді екен.
– Оңтүстік Кореядан таңғаларлық қандай ерекшеліктер байқадыңыз?
– Мені тәнті еткен кәріс технологиясы. Кез келген салада дамыған технология қолданылады. Мысалы, ғимаратты бұзғанда барлық ескі материалдар қайта өңделеді. Яғни ешқайсысын қоқысқа тастамай, әйтеуір бір қажеттілікке жаратады. Тіпті, қоқысты қып-қызыл ақшаға сатып, оны өңдеп жатқан зауыттар мемлекеттен қыруар қаржылай қолдауға ие болады. Сосын бұл жақта автокөлік жолына ерекше мән береді. Мысалы күнделікті жұмысқа барып-келетін жол бүгін ескі болса, бір күннен кейін жап-жаңа болып тұруы әбден мүмкін. Сөйтсек, мұнда жолды пәленбай техниканың күшін біріктіріп, түнде жөндейді екен. Оны көзбен көріп те жүрміз.
Сосын қоғамдық көліктер, жолаушы тасымалдайтын автобустар ішінде 10 адам бар ма немесе адам жоқ па, қарамайды. Уақылы келе ме, жүріп кетеді. Біздегідей адам толсын деп, жолаушыларды күттіріп қою атымен жоқ. Ал, қала ішіндегі автобустар әр 15 минут сайын жүреді.
– Қазір де Кореяға барып жатқан қазақстандықтар бар ма?
– Жоқ, 2020 жылдың ақпан, наурыз айларынан бастап Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға келеушілер тоқтады. Оның себебі – коронавирустың таралуы. Қазіргі уақытта бұл жақта жүргендердің көбісі 3-4 жыл бұрын келгендер. Олар қазір Қазақстанға қайтқысы келмейді. «Қазақстанға барғанда қандай жұмыс істейміз» дейді. Оның үстіне табыс мол, елдегі үйімізге де әжептәуір ақша жібереміз, емін-еркін, алаңсыз қыдырамыз, жалпы ешқандай проблема жоқ. Барлығы осындай өмірге үйреніп қалған. Тіпті, кәрістердің өзі жігерлі, намысты қазақ азаматтарының еңбекқорлығына сүйсініп, жұмысқа қуана-қуана қабылдайды. Бізде де осындай жағдай болса, неге өз елімізде өмір сүрмеске?!
Сұқбаттасқан: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
ЖАҺАНДЫҚ ТУРИЗМНІҢ дамуына Дүниежүзілік соғыстың ықпалы МОЛ болған
Бұрын ҚОҚЫС ТАСТАҒАН жер бүгін ТАҢҒАЖАЙЫП демалыс орнына айналған