Ұлыстың Ұлы күнін ҚАЙ ЕЛ ҚАЛАЙ атап өтеді?

0
3 839

Наурыз - бұл ҚАЗАҚ халқының, сондай-ақ көптеген Азия халықтарының жыл сайын тойлайтын мерекесі.


Ұлыстың Ұлы күнін ҚАЙ ЕЛ ҚАЛАЙ атап өтеді?

илюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазақ халқы бұл мерекені – «Самарқанның көк тасы еритін, күн мен түн теңелетін, табиғат оянып, жаңа өмір басталатын уақыт» деп бағалаған. БҰҰ-ның бас Ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп жариялап, барлық елдерді осы ежелгі мерекені әлемге таныту үшін күш салуға шақырған. Қазақстанда бұл мейрам аясында көптеген дәстүрлер мен мен әдет-ғұрыптар салтанат құратынын бәріміз білеміз. Сондай-ақ, өзге елдер бұл күнді қалай атап өтетінін де біле жүріңіз.


Қазақстан

Бағзы заманнан бүгінгі күнге жетіп, 1991 жылдың 15 наурызында Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болған мерекені қазақтар «Наурыз» немесе «Ұлыстың Ұлы күні» деп атайды. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 24 сәуірінде күн мен түн теңесетін наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген мәртебе берген. Бүгінгі таңда бірнеше күн бойы аталып өтілетін елдің басты мерекесінде жеті түрлі азық-түліктен наурыз көже әзірленіп, қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары дастарханға қойылады. Әр жерде «Наурыз жыры» шырқалып, ұлттық ойындар ұйымдастырылады.


Қырғызстан

«Айыр қалпақты» ағайын наурыздың 21-жұлдызында тойлайтын бұл мерекені «Нооруз» деп атайды. Тіршілік тірілген жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдары дайындалып, бір-біріне бақыт тілеген адамдар кең дастарханда бас қосады.


Өзбекстан

Атаулы мерекені ресми түрде тек 21 наурызда, сондай-ақ бейресми 13 күн бойы тойлайтын алашапанды көршілер бұл күнді «Навруз» деп атап, осы күннен бастап игілікті істер молайып, жыл бойына жалғасады деп сенеді. Мейрамның алғашқы күндері өзбек халқы түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырып, молшылықтың белгісі ретінд әр шаңырақтың дастарханына «сумәләк» тағамы қойылады.


Әзірбайжан

"Новруз байрам" деп атайды. Наурыздың 20-нан бастап 5 күн қатар тойланады. Негізінде 21 наурызға дейін төрт апта бұрын тойлау басталады. Дастарханға міндетті түрде жұмыртқаны айнаның үстіне қояды. Жұмыртқа бір жағына домалаған кезде, соны жаңа жылдың келуі деп санайды. Әрбір үйде дастархан үстінде міндетті түрде бидай тұқымынан өсірілген дақылдар қойылады.


Түркия

Бұл күнді «Невруз» ("Newrouz", "Newrouz Bayrami") деп атайтын Түркия билігі 1966 жылы мерекені тойлауға тыйым салуды қарастырған. Алайда «жылдың басы» сол елде тұратын халық пен өзге де ұлттардың ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі мерекесі болғандықтан, өзгеріс енгізілмеген. Бүл күні Түркия көшелерінде, саябақтарда от жанып, адамдар лаулаған жалынның үстінен секіреді. Олар оттың үстінен секірген адамның бойындағы жаман энергия аластап, ауру-сырқаудан арылады деп сенеді.


Тәжікстан

Тәжік халқы бұл күнді "Навруз", "Бәйшешек", "Гүлгардон", "Гүлнавруз", "Хадир айиам" деп атайды және 20-21 наурыз күндері демалыс беріледі. Наурызды достықтың кілті, тіршіліктің оянуы деп санайтын халық мерекеде дастарханға бидайдан дайындалатын тәтті «суманақ» асын қояды. Сондай-ақ, ерлер арасында қазақтың көкпарына ұқсас "бузкаши" ойыны ұйымдастырылады.


Иран

Ирандықтар бұл мерекені мұсылмандар күнтізбесі бойынша көктемнің алғашқы күні, ал Григориан күнтізбесі бойынша наурыздың 22-нен бастап, 13 күн тойлайды. Міндетті түрде жеті түрлі тағамнан "Хафт-Син" пісіріп, әр адам өз үйін жуып тазалайды. Ал атауы – «ханетакани».


Түрікменстан

Бұл елде "Новруз байрамы" 21-22 наурызда тойланады және мерекелік дастарханға бидай өнімінен ұлттық тағамдар әзірленіп, халва, тәтті нандар мен ботқа дайындалады. Сондай-ақ, түркімендер бір-бірінің үйіне барып, қонақ болады, ал жастар кешкі уақытта жаппай сауық-сайран құрады.


Ауғанстан

Ауған елі мерекені "Навруз" немесе "Жаңа жыл" деп атайды. 21-22 наурызда дәстүр бойынша Ауғанстанның солтүстік астанасы - Мазари Шариф қаласы Наурыз мейрамын тойлау орталығына айналады. Мереке аясында би фестивалі, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, Кабулдағы «Карт Сакхи» мешітіне жиналған тұрғындар «әулие тудың» көтерілуін тамашалайды.


Үндістан

Үндістан мұсылмандары жаңа жылды 21 наурызда, көктемгі күн мен түннің теңесу күнінде атап өтеді. Елдің солтүстік бөлігінде тұратындар өздерін гүлдермен сәндеп, оңтүстіктегілер тәттілер мен сыйлықтар дайындайды. Сондай-ақ, үлкен алау жағылып, үндістер оның түтінімен өткен жылдың барлық сәтсіздіктерін аластаймыз деп сенеді.


Ал Сирияда бұл мерекені тойлауға тыйым салынған. Сонымен қатар, Ресейдің кейбір аумақтарында, Қытайдағы қазақтар мен Ұйғыр автономиясы жыл сайын атап өтеді.

Дайындаған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Өзге елдер «Әйелдер күнін» ҚАЛАЙ тойлайды?


Мысыр пирамидаларын КІМ тонаған?