"2 сағат ішінде жарылады": Әлеуметтік желі арқылы тараған ақпарат жалған

0
2 482

Шындыққа жанаспайтын ақпарат тарауда.


Әлеуметтік желілерге "Шымкент қаласында жарылыс болады. Құзырлы органдар мұны халықты дүрліктірмеу үшін жасырып отыр" деген ақпарат тарап жатыр. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың жалған екендігін ескертеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Барлық әлеуметтік желілерде "Шымкент қаласында "Луна" жарылғыш заты екі сағатта жарылады. Мамандар күннің ыстығының қызуынан болатын жарылысты тоқтатуға дәрменсіз" деген ақпарат тарап елді дүрліктіріп жатыр. Үрейлі ел арасында қаланың қауіпсіздігіне күмәнданғандар да аз емес. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады.

"Құрметті қала тұрғындары! Қазіргі уақытта Шымкент қаласында әлеуметтік желілерде «Луна» жарылғыш заты 2 сағат ішінде жарылады деген мәліметтер таратылуда. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департменті бұл ақпараттың жалған екенін хабарлайды", - делінген Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.