Сонымен қатар, кеше ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды.
Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының кезекті тыс елу жетінші сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Аталаған сессия жұмысына қала әкімі Ерлан Айтаханов, қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысып, Бегайдар Төлегенов төрағалық еткен сессияның күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Оның негізгісі – Шымкент қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті болды.
Сондай-ақ, жиын барысында аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр баяндама жасап, мемлекет қаржысының қай мақсатта және қалай жұмсалатыны жайында бұған дейін тұрақты комиссияда қаралғанын жеткізді.
Ал, қала әкімі республикалық статусқа байланысты Шымкент бюджетінде қаржылық тапшылық орын алғанын, бүгінде республикамен қарқынды жұмыстар жүргізіліп, тапшылықтарды жою үшін 6,2 млрд. теңге қосымша қаражат бөлініп жатқанын және қаражатты бірінші кезектегі қажеттіліктерге жұмсау керек екенін айтты.
«Мәселен, жыл соңына дейін Айкөл, Ақжар, Сайрам елді мекендеріне сапалы ауыз су жүргізілетін болады. Оған қоса, Достық шағынауданынан бастау алатын магистралді су құбыры аяқталып, нәтижесінде Ынтымақ, Жаңатұрлан, Батыс елді мекендеріне су беру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, кеше ғана қоғамдық көлік мәселесі шешілген Тұран шағынауданындағы «Әдия» және «Отау» тұрғын үй кешендеріне баратын жол құрылысына да қосымша қаржы қаралды. Жалпы, алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендердің жол-инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне қаржы қаралатын болады. Спорт және мәдениет нысандарына да келер жылы қаражат қарастырылады», - деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.
Сонымен қатар, сессия барысында Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Нәлібаев қосымша баяндама жасап, Шымкент қаласының Экспорт жөніндегі өңірлік кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізілді.