Жиын барысында қатысушылар өңірдегі мәдени саланың дамуына серпін беретін бірқатар жобаларды ұсынып, мәселелерді жан-жақты талқылады.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің отырысы өтті.
Жиынға партия филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы және салалық басқарма басшылары мен кеңес мүшелері қатысты.
Отырыста партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының мәдениет, жастар және дін салалары бойынша 2024 жылдың 10 айындағы орындалуы талқыланды. Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова атқарылған жұмыстарды қысқаша баяндап берді.
«Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша 2023 жылға 20 іс-шара жоспарланып, толығымен орындалды. Аталған іс-шара аясында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылып «Бәйтерек» жастар ұйымы жеңімпаз атанды. Бүгінгі күнге дейін 20 кездесу өткізіліп, оған 5 мыңнан астам жас қатысты», — деді Айгерім Жұмақұлова.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев қаладағы мәдени саланың дамуы жөнінде мәлімет берді. «Өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға психологиялық қолдау көрсету бойынша 2023 жылға 25 іс-шара жоспарланып, толық орындалды. 2024 жылға 4 мәдени-ағартушылық нысан салу жоспарлануда. Клубтардың ғимараты 2 қабаттан тұрады, онда кітапхана, оқу залы, спортпен жаттығу залы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық торап орнатылады», — деді Бауыржан Орынтаев.
Жиын барысында қатысушылар өңірдегі мәдени саланың дамуына серпін беретін бірқатар жобаларды ұсынып, мәселелерді жан-жақты талқылады. Тиісті сала басшылары айтылған ұсыныстар бойынша қорытынды шығарылатынын жеткізді.
Шымкентте мәдениет пен жастар мәселелеріне арналған осындай отырыстар өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына маңызды үлес қосып, жастарға қолдау көрсету мен мәдени жобаларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктер ашады.