Атаулы әлеуметтік көмек: Шымкентте 7596 отбасы табысын жасырған

0
3 211

Е.Айтаханов өңірлік комсиия құрып, үйме-үй тексеруге тапсырма берген.


Атаулы әлеуметтік көмек: Шымкентте 7596 отбасы табысын жасырған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қаласы бойынша 7596 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында табысын жасырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз брифингінде басқарма басшысы Балтаев Ғалымжан Талғатұлы және жұмыспен қамту орталығының директоры Беласаров Дархан Мұхтарұлы мәлімдеме жасады.

Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7596 отбасы табысын жасырғаны анықталып, 2149 отбасыға тағайындалған 1 млрд. 530 млн. теңге төлемдерді беру тоқтатылған және бүгінгі таңда берілген қаржыны мемлекетке қайтару бойынша 271 отбасыға хабарландырулар таратылып, 3 отбасы 828 мың теңгені өз еркімен бюджетке қайтарған.

Сондай-ақ, Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу мақсатында табысын жасырған отбасыларға заң бойынша шара қолданылады. Ол туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Беласаров Дархан Мұхтарұлы айтып берді.

«Егер, отбасылардың табысын жасырғаны атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында анықталса, онда құжаттарды рәсімдеу бірден тоқтатылады. Ал, берілгеннен кейін анықталса, сол уақытқа дейін алған ақшаны кері қайтарады. Оны қайтарудың екі түрі бар: біріншісі – мемлекетке алған ақшасын өз еркімен қайтару, ал екіншісі – еріксіз, яғни сот арқылы орындалады», - деп жауап берді Дархан Мұхтарұлы өз сөзінде.


Сонымен қатар, брифинг барысында Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысындағы заңсыздықтардың алдын алу мақсатында қала әкімі Е.Айтаханов аудан әкімдері мен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына тапсырма берген. Аталған тапсырма аясында қала аудандарында өңірлік комиссия құрылып, көмек алушы отбасыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Айта кетейік, аталған басқарманың ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда табысын жасырған 7596 отбасының ішіндегі 5447 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүріп жатыр екен.