Қазақ журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек өмірден өтті

0
744

Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.


Қазақ журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек өмірден өтті

фото: ашық дереккөзден

Қазақ журналистикасының ардагері Байдулла Қонысбек қайтыс болды.

Бұл туралы журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Байекеңнен, Байдулла Қонысбектен айырылып қалдық. Оңтүстік журналистерінің Төбе биі бақилыққа аттанды. Жаңа ғана Нұржан ағамыз хабарласып жаманат хабарды жеткізді. "Әкемнен айырылып қалдым" дейді даусы дірілдеп. Қапелімде аузыма түскен сөз "Ол Сіздің әкеңіз ғана емес, күллі Оңтүстік журналистерінің әкесі еді, бекем болыңыз" дедім. Барша оңтүстік журналистеріне Асқар тау-Әкеміз құлаған ауыр қазаға байланысты қайғырып көңіл айтамын", - делінген жазбада.

Байдулла Қонысбек 1941 жылы туған, қазақ, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік университетінің филиология факультетінің журналистика бөлімшесін бітірген.

Еңбек жолын 1958 жылы слесарь ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас (Бәйдібек) ауданы Жамбыл атындағы кеңшарында бастаған.

1961-1966 жылдары Алғабас ауданы «Бөген» кеңшарында жұмысшылар кооперациясында есепші болып жұмыс атқарған.

1966-1985 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, әдеби қызметкер, жауапты хатшы болып еңбек еткен.

1985-1987 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде болды.

1987-2002 жылдары облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде, облыстық телерадио компаниясында төраға қызметін атқарған.

2002-2006 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметінде жүріп зейнеткерлікке шыққан.

2006-2007 жылдары «Аталар сөзі», 2007-2010 жылдары «Біздің жанұя» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

Байдулла Қонысбек облыстық қоғамдық саяси өміріне белсенді араласқан. Ол «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан аймақтық филиалының төрағасы, «Сайлауды қадағалау» жөніндегі РҚБ-нің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, облыстық журналистер ұйымының төбе биі. Сонымен қатар, 1998-2002 жылдары Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясында дәріс берген, доцент атағын алған.

«Биік мұрат», «Бетпе – бет», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүрек бар» деген кітаптары жарық көрген.

Байдулла Қонысбек «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Нұр Отан» ХДП-нда белсенді еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.

Байдулла Қонысбек облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене ат салыса отырып, облыста атқарылып жатқан игілікті істерді насихаттауға, зиялы қауым өкілі ретінде елдің ынтымағы мен бірлігін насихаттауға өз үлесін қосқан.

Қазақ журналистикасына орасан үлес қосқан ардагер азаматтың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

ERNUR.KZ

Бөлісу