Мұғалімдердің айтуынша, бірде айлық жырымдап берілсе, кейде мүлдем берілмей қалады.
Шымкенттегі №115 мектепте былтыр бас бухгалтер ауысқалы мұғалімдер жалақысын алудан қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Зейнетақы қорына аударымдар бірде түссе, бірде түспей қалатын көрінеді. Биыл келген директор мәселені шешпек түгілі, ұжымға бас көтермеуін ғана талап ететін көрінеді. Ақыры сабыры таусылған педагогтар бүгін қаланың білім басқармасындағыларды шақырып шу шығарды.
Мұғалімдердің айтуынша, бірде айлық жырымдап берілсе, кейде мүлдем берілмей қалады. Одан қалса Еркебұлан есімді есепші ұстаздарды жеке-жеке шақырып, жалақы түгілі, "мектепке қарызсыңдар" деп, өз есебін көрсетеді екен.
Түсініксіз жағдайда қарыз болғандардың зейнетақы қорына бөлінген қаржысы да жоқ. Яғни жарнаға деп айлықтан ақша ұсталғанымен, жарнаға бір бөлігі түссе, кейде мүлдем аудармайтын көрінеді. "Оқу жылы басталғалы қарызсыңдар" деп, мектептің жарығы мен интернетін де өшіретінді шығарған.
Биыл қыркүйек айында тағайындалған директор сабырға шақырғаннан, бөлек істейтіні жоқ дейді. Енді айлық берер уақыт жақындағанда ұжым тағы да не директор, не есепшіні таппай отыр.
"Білім басқармасы ешқандай жауап бере алмаса, осы мектептің мәселесін шешіп бере алмаса, не үшін отыр? Сонда біз әр келген директорға жем болуымыз керек пе? Әр келген есепші ақшамызды жеп кете беруі керек пе?", - деп ашынды Мақпал Құлжанова.
Ұжым шулап басшыларын талап еткен соң білім басқармасынан бір топ шенеунік жетті. Мәжіліс залы болмаған соң ұжымды аядай сыныпқа жинап, шағымдарын тыңдады. Айтуларынша былтырдан бері болып жатқан бассыздықты бүгін ғана білдік деген олар енді төбе көрсетпейтін директор мен есепшіні іздеп тауып, мәселені шешеміз деп сендірді.
Шенеунік сөзіне сенсек былтырдан бері жалғасып келе жатқан былықты бас-аяғы он күнде тексеріп нүктесін қоймақ. Жетпей қалған ақшаны да, зейнетақы қорына түсуі тиіс жарнаны да түгелдеп тастаймыз деп бекініп отыр. Жедел тексерістің соңы директор мен есепшіге оңай болмайтын сияқты. Себебі осы уақытқа дейін жоғарыдан түгел түскен қаржы ұжымға қитұрқылық жолмен жетпей қалғаны белгілі болса, қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.
Осы мәселеге байланысты Шымкент қаласы білім басқармасымен байланысқан болатынбыз.