"Көпбалалы отбасының қандай екенін өте жақсы білемін. Өйткені, менің әкем 10 балалы отбасыдан, ал анам 7 балалы отбасыдан шыққан", - деді қала әкімі.
Шымкенттік көпбалалы отбасылардың мәселесі бірінші кезекте шешілетін болады. Бұл жөнінде бүгін Шымқаланың әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Сонымен қатар, әкім көпбалалы аналарға алғыс айтып, олардың жағдайын өте жақсы түсінетінін де жеткізді.
«Құрметті қала тұрғындары! Қазір Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлініп жатыр. Оның ішінде көпбалалаы аналардың мәселелерітолғандырады. Көпбалалы аналардың басым бөлігі оңтүстікте тұрады. Оның ішінде біздің қаламызда. Әрбір көпбалалы ана - ол батыр ана. Өйткені, елдің ертеңгі болашағы қазіргі біздің балаларымыз. Сондықтан барлық көпбалалы аналараға алғысымды білдіремін. Көпбалалы отбасының қандай екенін өте жақсы білемін. Өйткені, менің әкем 10 балалы отбасыдан, ал анам 7 балалы отбасыдан шыққан. Біздің отбасымызда 5 бала», - дей келе шаһар басшысы алдағы уақытта қандай жобаларды іске асыратынын нақтылай айтып өтті.
«Қаламызда 31 мың көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 2220 «Алтын алқа» иелері, 6056 «Күміс алқа», 551 «Батыр ана» және 796 1-ші және 2-ші дәрежелі орденьдерімен марапатталған көпбалалы аналарымыз бар, құдайға шүкір!
Сонымен қатар, қаламызда 3200 көпбалалы отбасының тұрмысы нашар. Яғни, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен. Осыған байланысты, Елбасы тапсырма берді, сол жобалармен Сіздерді таныстырғым кеп отыр.
Біріншіден, көпбалалы аналар үшін арнайы орталық ашамыз. Онда тек көпбалалы аналар ғана бүткіл әкімшілік көрсететін қызметті алатын болады.
Екіншіден, «Алтын» және «Күміс алқа» иелері және «Батыр аналар», 1 және 2-ші дәрежелі орденді аналарымыз 1 наурыздан бастап қоғамдық көлікте тегін жүре алатын болады. 8 наурыз аясында жасаған сыйлығымыз болсын! Оған кететін қаражатты әкімшілік өз есебінен төлейтін болады.
Үшіншіден, табыстары күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көбейтетін боламыз. Бұл ақша тамыз айында, балаларды мектепке дайындау уақытында берілетін болады.
Сонымен қатар, бизнес өкілдерімен бірігіп «Сен жалғыз емессің!» жобасын бастаймыз. Бұл жоба бойынша қиын жағдайға душар болған отбасыларға тегін тұрғынүй салынып беретін болады. Біздің кәсіпкерлер мен меценаттармен бірге. Ол үшін арнайы шарттар болады. Ең жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға кәсіпкерлер көмектеседі», - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.