ШЫМКЕНТ: Ажырасқан ерлі-зайыптылар 86 миллионнан астам теңгенің дүниесін бөлісе алмай сотқа жүгінді

0
1 268

Шымкент қаласында ажырасқан отбасы мүшелері 86 млн 750 000 теңгенің дүниесін бөлісе алмай сотқа жүгінді.


ШЫМКЕНТ: Ажырасқан ерлі-зайыптылар 86 миллионнан астам теңгенің дүниесін бөлісе алмай сотқа жүгінді

Иллюстрациялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден

Шымкентте бұрынғы ерлі-зайыптылар ортақ мүлікті бөлісе алмай, ақыры сотқа жүгінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында талап қоюшы Д.-нің жауапкер Д.-ге ортақ мүлікті бөлу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі қаралды. Бұрынғы күйеуі сотқа жүгініп бұрынғы жұбайынан дүкендегі жалпы 86 750 000 теңгені құрайтын ортақ мүліктегі өзіне қатысты тең жартысын, яғни өз үлесін бөлуді, жауапкерден ½ үлесін 43 375 000 тенге құрайтын соманы және мемлекеттік баж салығы 433 750 теңгені өндіруді сұраған.
Сот отырысы барысында, төрағалық етуші судья тараптарды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның талаптарын және онда қаралған рәсімдерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Судья бітімге келудің екі жаққа да тиімділігін айтып, сол арқылы уақыт та, қаржы да үнемделетінін ескерткен. Бітімге келудің ең алдымен өздері үшін тиімді екендігін түсінген дауласқан бұрынғы жұбайлар медиациялық келісімді бекітуді сұранған. Оның шарттары бойынша бұрынғы әйелі «RAV4» маркалы автокөлікті экс күйеуінің атына аударып, техникалық тіркеу куәлігімен қоса беруге міндеттенген, сонымен қатар сенбі, жексенбі күндері кәмелет жасқа толмаған үш балаларын алып кетуге және тәрбиесіне қатысуға жауапкер кедергі жасамауға міндеттелген. Ал талап қоюшы, яғни экс күйеуі өз талап қою арызынан бас тартқан.


"Соттың ұйғарымымен тараптардың араларындағы түзiлген, дауды медиация тәртібінде реттеу келісімі, ондағы шарттарымен қоса бекiтiліп, іс бойынша төленген 433 750 теңге мемлекеттік баж салығы талап қоюшыға қайтарылып, iс жүргізу өндiрiстен тоқтатылды",-деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.