ШЫМКЕНТ: «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» бағдарламасы арқылы баспанаға қалай қол жеткізуге болады?

0
2 883

ТҮҚЖБ Шымкент филиалы бөлім басшысы баспанаға қол жеткізудің жолдарын айтты.


ШЫМКЕНТ: «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» бағдарламасы арқылы баспанаға қалай қол жеткізуге болады?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ТҮҚЖБ Шымкент филиалы бөлім басшысы Нұрлан Сұлтанов «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпшілік қауымды толғандырған сауалдарға әлеуметтік желідегі тікелей эфирде жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ТҮҚЖБ Шымкент филиалының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы (INSTAGRAM: zhilstoy_zhymkent_ ) белсенділік танытып, атқарылып жатқан жұмыстарды және пайдалы ақпараттарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуді қолға алған. Осы бастама аясында тұрғындар тікелей эфирде көкейдегі сұрағын жолдап, Нұрлан Сұлтанов тарапынан толыққанды жауап алды.


Бұл бағдарламаға тек қана Шымкент қаласының тұрғындары қатыса алады ма, әлде Түркістан облысынан да қатысуға бола ма?

– Жалпы, бағдарламаға тек Шымкент қаласының ғана емес, Түркістан облысы тұрғындары да қатыса алады. Биылғы жылдың соңына дейін, Түркістан облысынан да ТҮҚЖБ жаңа филиал ашылады. Бірақ, соған қарамастан, қазіргі таңда облыс тұрғындарынан да өтінім қабылдап жатырмыз.


Бағдарламаға қатысу үшін қандай талаптар қойылған?

– Бағдарламаның басты талабы – табысы төмен, үй кезегінде тұрған отбасылар жергілікті əкімдіктегі тұрғынүй басқармасынан жолдама алып келуі керек. Бұл жолдама тегін беріледі. Арнайы үлгідегі жолдама отбасының үй кезегінде тұрғанын, санатын растап, осы бағдарлама қатысуға мүмкіндік береді. Бастысы – үй кезегінде тұрған азаматтардың атында үйі болмауы керек. Сонда ғана, Шымкент қаласында үй кезегінде тұрған адамдар қалалық «Тұрғын үй жəне тұрғын үй испекциясы басқармасынан» жолдама алып, қаладан құны 15 млн.теңге көлеміндегі, ал Түркістан облысы тұрғындары аудан орталықтарынан жолдама алып келіп, Түркістан қаласынан жəне тұрғылықты ауданнан құны 10 млн. теңгегеге дейінгі баспананы 2%-дық мөлшердегі несиемен ала алады.

Сондай-ақ, жолдама Шымкент қаласынан берілсе, үйді тек қала аумағынан ғана алуға болады. Басқа қалалардан ала алмайды. Сонымен қатар, бұл жерде айлық көрсеткішіне міндетті түрде қараймыз. Егер, əйелі немесе күйеуі декреттік демалыста болса, жолдасы айлық көрсеткішін көрсете ала алады. Жолдасының зейнетақы қорында соңғы 6 айдың аударымы болуы керек. Немесе, басқа да топтағы адамдар, мəселен мүмкіндігі шектеулі адам жеке кəсіпкер болса, міндетті түрде салық комитетінен анықтама алып, айлық көрсеткішін көрсете алады. Бірақ, бір айта кететін нəрсе – айлық көрсеткішін отбасындағы əр адамға шаққанда 42500 теңгеден аспауы керек. Мысалы, жанұяда 6 адам болып, əйелі мен күйеуінің табыстары – 255 мың теңгеден асып кеткен жағдайда, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несие бере алмаймыз. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында жыл сайын Қазақстан бойынша 50 млрд. ақша бөлінеді. Яғни, биыл ала алмағандар, келесі жылы да қатыса алады.

Сонымен қатар, адамдардың үй кезегіне қашан тіркелгені, қанша жыл кезекте тұрғаны қаралмайды. Себебі, жолдаманы қай санатпен немесе кімге бірінші беретіні тек əкімшілікке қатысты. Жолдаманы кімге беретінін өздері шешеді.


2019 жылы бағдарлама аясында қанша адам баспаналы бола алады?

– Қазір Шымкент қаласында аталған санаттардағы 10 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр екен. Сондықтан, айта кету керек, бірден бəрін несиелендіру мүмкін емес. Өйткені үкіметтен бөлінген қаражат лимиті бар. Қазіргі таңда жалпы санына тоқталсақ, бір жылда Шымкент қаласы бойынша 400-500 адам, Түркістан облысы бойынша 500-600 адамды несиелендіру қарастырылып отыр. Бірақ, биыл несие ала алмаған жағдайда, келесі жылы қатысуына болады.


Несиесі бар адамдар бағдарламаға қатыса алады ма?

– Иə, несиесі бар адамдар қатыса береді, бірақ айлық көрсеткіші жету керек. Егер, несиесі бар, бірақ айлық көрсеткіші жетпесе, айлығы бар кез келген екі кепіл адамды ұсынуына болады. Ал, айлық көрсеткіші жетпейтін жалғызбасты аналар қатыса алмайды. Сонымен қатар, несие алып қара тізімге еніп кеткен адамдар несиесін толық жауып, қарызы жоқ деген анықтама алып келуі керек.


Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қанша адам жолдама алып үлгерді?

– Қазір, қателеспесем Түркістан облысынан 10-ға жуық, ал Шымкент қаласы бойынша 150-ден астам жолдама келді және солардың ішінен 70-ке жуығы рұқсат алды. Енді рұқсат алған адамдар өздеріне ұнайтын пəтерлерін рұқсат етілген аймақтың қалаған жерінен іздеп табатын болады.


Таңдаудағы баспанаға қойылатын талаптар қандай?

– Лай кірпіштен соғылмаған, күйген кірпіш немесе «шлакоблоктан» тұрғызылған және көпқабатты үй болса, салынған уақыты 50 жылдан аспаған үйлер қабылданады.


Тұрғындар баспанаға қол жеткізу үшін неден бастау керек? Қандай кеңестер ұсынасыз?

– Ең бірінші, жолдама алу керек. Оны алғаннан кейін, банкке келіп, құжаттардың тізімін жинап, айлық көрсеткішіне тапсыру қажет. Содан, айлық көрсеткішін көріп-тексеріп алғаннан кейін, банк келісім берген жағдайда рұқсат береміз. Сосын, ол азамат тапқан үйінің бағасын шығарып, құжаттарын жинап Банкке алып келеді. Тағы бір айтатын нəрсе, егер де айлық көрсеткіші жетпеген жағдайда, үйді 10 млн. немесе 8 млн. теңгеге бағалап, өзінің айлық көрсеткіші жететіндей етіп қарастыра алады.

Айта кетейік, осының алдында Шымқалада «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғаны және «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» арқылы баспананы КІМДЕР, ҚАЛАЙ және ҚАШАН ала алатыны жайлы ақпараттарды жариялаған болатынбыз.