Шымкентте түрлі этнос өкілдерінен құралған 40 жуық азамат мемлекеттік тілді оқи бастады.
Шымкентте қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында түрлі этнос өкілдеріне арналған мемлекеттік тілді оқып-үйрету курсы ашылды – деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Игі бастаманы ассамблея қалалық «Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» мекемесімен бірлесе жүзеге асырып отыр. Шымкентте мемлекеттік тілді үйренуге ниет білдірген этнос өкілдері аз емес. Бүгін олардың алдыңғы легі алғашқы дәрісін өтіп, тілді үйренуге құлшына кірісті. Оқу курсының салтанатты ашылуына ассамблея хатшылығының және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, тіл мамандары, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері қатысты. Қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов құттықтау сөз сөйлеп, барша тыңдаушыларға сәттілік тіледі.
Бүгін курсқа қабылданған 40 азамат білім деңгейіне қарай бастауыш және базалық топтарға бөлінді. Олар алдағы 4 айда аптасына екі реттен теориялық және практикалық дәрістер өтетін болады. Сондай-ақ, әр жексенбі күні еркін форматта бас қосып, түрлі ойындар арқылы қазақша сөйлеу мәдениетін жетілдіреді. Қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухаммедова бұған дейін қазақ тілін үйренуді өз бетінше бастаған. Достық үйінде ашылған курста мемлекеттік тілде сауатты жазып, дұрыс сөйлеуді үйренсем дейді.
Ал, неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Иосиф Бахман қазақ тілін барша этностарды мемлекет құрушы ұлт қазақ халқының төңірегіне топтастырушы, біріктіруші фактор деп біледі. Әрі, алдағы уақытта барша тұрғындардың ортақ тіліне айналатынына сенеді. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында жүзден астам этнос өкілдері өмір сүруде. Олардың 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Өткен жылы қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында 1600-ден астам этнос өкілдері оқып, мемлекеттік тілді үйренген.