Осы мақсатта аудан аумақтарында тұрақты түрде рейд ұйымдастырылады.
Шымкентте қала тазалығын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында көшелердің тазалығын ретке келтіру – күн тәртібіндегі мәселе. Осы мақсатта төрт аудан аумағында жауапты мамандар тұрақты түрде рейд ұйымдастырады.
Еңбекші ауданы әкімі аппаратының мамандары аудан аумағындағы Тәуке хан даңғылы, Т.Рысқұлов, Төле би көшелері бойындағы заңсыз сауда орындары және коммерциялық нысан иелеріне Еңбекші аудандық учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп, қоқыстарды жол бойына шығармау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан аумақтарында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов көшесі, Тәуке хан даңғылы, Түркістан, Б.Момышұлы және Желтоқсан көшелері сұйық сабынмен жуылуда. Аялдамаларда тазалық жұмыстарымен бірге ілінген заңсыз жарнамалар алып тасталынды. Сондай-ақ, автобус бекеттерінің айналасы сыпырылып, қоқыс жәшіктері жуылды. Аталған жұмыстарға 12 техника мен 50 жұмысшы тартылды. Тазалық жұмыстары Абай ауданында да жалғасты. Аудан аумағында санитарлық тазалық, шөп ору жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауданда мердігер мекеме тарапынан негізгі көшелер мен ішкі орамдық көшелердің және аулалардың санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті таңғы сағат 5:00-ден бастап жүргізілуде. Орталық көшелердегі қоқыс алаңдары күнделікті, ішкі орамық көшелер аптасына бір рет тазаланады. Тазалық жұмыстарына мердігер мекеме «Build Stroi» ЖШС тарапынан 300-ге жуық жұмысшы мен 120 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, шөп ору жұмыстарына 4 бригада 45 қызметкер, 35 мотокосилка және газон ору жұмыстарына 5 бригада 30 адам 20 техника жұмылдырылған. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппаратының бақылауында. Қала тазалығын тұрақты бақылауда ұстау жөніндегі қала басшысы М.Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес Қаратау ауданы аумағында тазалық жұмыстары күнделікті бекітілген кестеге сәйкес орындалуда.