Биыл Тоғанбай Қауымбаевтың туғанына 100 жыл толды.
Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында Шымкент-сити шағын ауданында орналасқан №135 орта мектепте Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаевқа арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
—Тоғанбай Қауымбаев небары 18 жасында майданға аттанды. Днепр өзенінен өту кезінде ол бастаған барлаушылар ротасы асқан ерлікпен плацдармды басып алып, негізгі күштер жеткенше алғы шепті ұстап тұрған. Осынау ерлігі үшін Қауымбаев 21 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. Соғыс жылдарында ол генерал Сабыр Рахымовтың адъютанты болып қызмет атқарды. Қазақтың қос батырының ерліктері көзі тірісінде-ақ аңызға айналды, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Айта кетейік, биыл Тоғанбай Қауымбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Шымкентте батырды еске алуға арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда.