ШЫМКЕНТ: ​КӨКСАЙ ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ТАҒЫ АЛТЫ ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРГЕ КӨШТІ

0
112


ШЫМКЕНТ: ​КӨКСАЙ ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ТАҒЫ АЛТЫ ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕРГЕ КӨШТІ

ERNUR.KZ. Шымкентте Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасын іске асыру жалғасуда. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын реновация бағдарламасы аясында заманауи, абаттандырылған пәтерлерге көшіру.


Бұған дейін МПС көшесі, №26 үйде тұрған тағы алты отбасы бүгін жаңа пәтерлердің кілтін алды.

Айта кетейік, жоба іске қосылғаннан бүгінгі күнге дейін 128 отбасы жаңа баспанаға ие болды.

Көп пәтерлі үйлер Шымкент Сити және Тұран шағынаудандарында орналасқан. Пәтерлер таза әрлеумен беріліп, қоныстануға толық дайын. Баспананы бөлу кезінде отбасылардың бұрынғы пәтерінің ауданы мен бөлмелер саны ескеріледі. Бұл отбасылардың қалыптасқан тұрмыс жағдайын сақтауға мүмкіндік береді.

Кілт табыстау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтап, шаңырақтарына береке-бірлік, жайлылық пен жылулық тіледі.

Қала әкімі Жаңарту тұжырымдамасының механизмі, соның ішінде жеке үйлердің иелерінің инвестиция жұмылдырылған соң қатысу мүмкіндігі туралы айтты.

Еске сала кетейік, Көксай шағынауданын жаңарту тек тозығы жеткен үйлер қорын кезең-кезеңімен жаңартуды ғана емес, сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, аумақты абаттандыру және қолайлы қалалық орта қалыптастыруды көздейді.