Шымкент қаласында өзінен 17 жас үлкен көңілдесін пышақтап өлтіріген азамат 12 жылға сотталды.
Иллюстрациялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден
Шымкентте 30 жастағы жігіт өзінен әлдеқайда ересек көңілдесіне үйленуден бас тартып, пышақтап өлтірген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
30 жасар Ф. өзінен 17 жас үлкен қырық жеті жастағы әйелмен кездесіп жүрген. Сот кезінде де, тергеу барысында да сотталушы сондай кездесулердің бірінде нақсүйерінің өзіне үйленіп, қарым қатынастарын заңдастыру туралы талап қойғанын айтқан. Бірақ жігіт егде ғашығына үйлену ойында жоқ екендігін мойындаған. Бұған ашуланған әйел жігітке пышақпен тап берген. Сотталушының айтуынша, пышақты әйелдің қолынан алмақ болғанда жәбірленуші пышақты абайсызда өзіне сұғып алыпты. Өткір пышақ әйелдің кеуде тұсына кіріп, марқұм сол жерде тіл тартпай кеткен.
Арнайы тағайындалған сот сараптамасы жәбірленушінің өз-өзіне пышақ сұғып алуы мүмкін еместігін дәлелдеген. Сот-медициналық та, криминалистикалық сараптама нәтижелері осындай.
Сот Ф.ны кінәлі деп тауып, 12 жыл қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуге үкім шығарды.