Шымкентте 900 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде қамтылған

0
245


Шымкентте 900 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінде қамтылған

Бүгінде Шымкентте жалпы халық саны 1 243 906 адамды құрайды. 935 230 азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылған.

Оның ішінде 700 мыңнан астамы жеңілдік санатына кіретін азаматтар. Мемлекет ол тұрғындар үшін сақтандыру жарналарын төлеп, медициналық қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 308676.

Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамту мәселесі бойынша осы және өзге де мәліметтер «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен «Атамекен» медициналық оңалту орталығында өткен дөңгелек үстөл барысында айтылды. ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова жиынға қатысушыларға медициналық сақтандыру аясында атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.

Дөңгелек үстөл барысында атап көрсетілгеніндей, МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық көмекке қолжетімділік артқан. Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1000-нан астам жоғары технологиялық медициналық көмек пен 400 мыңға жуық медициналық оңалту қызметі көрсетілген.

Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша 70- ке жуық медициналық ұйым көмек көрсетеді. Инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралулары оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға да ерекше көңіл бөлінген.
Қалада бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жалпы 189 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, 155-сі жекеменшік медициналық ұйымдар.
ӘМСҚ Шымкент филиалы тарапынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері 15 медициналық ұйымда көрсетілген қызмет расталмаған 152 жағдай анықталған. Кемшілік орын алған емдеу мекемелеріне 4,5 млн -ға жуық теңге айыппұл салынған.

Бөлісу