Шымкентте игерілмей жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды

0
513

Шымкент қаласында игерілмей жатқан 1546 жер учаскесі анықталған.


Шымкентте игерілмей жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқарма басшысы жерді мақсатты пайдалану, заңсыздыққа жол бермеу, пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстарының барысын баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді. Жалпы әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан 20-ға жуық сұрақтар келіп түсті.
Шымкент қаласында игерілмей жатқан 1546 жер учаскесі анықталған. Сонымен қатар, 106 жер учаскесінің меншік иелеріне 2018-2020 жылдар аралығында тексеру жұмыстары атқарылды.
Бүгінде қала аумағында ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылмай жатқан 1024 жер учаскесінің ауданы 2 гектардан асатын 107 жер теліміне тексеру жұмыстары жүргізілетіндігі туралы хабарландыру хаттар табысталып, жұмыстар жүргізілуде.
2021 жылы бірқатар азаматтардың жер учаскелерін игермей жатқандығы анықталып, меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары негізінде азаматтар өз еркімен жерді мемлекетке қайтарды.
Кәсіпкерлік мақсатқа арналған жеке меншік құқығымен берілген жер учаскесі сот шешімі негізінде мемлекет меншігіне алынған. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан игерілмей жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы жалпы алаңы 303,3385 га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Басқарма басшысы азаматтарды ҚР Жер кодексінің талаптарын қатаң сақтауға шақырды.