Арнайы шеберхана тігін машиналары және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Шымкент қаласында көпбалалы аналар тігінді тегін үйренуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында көпбалалы аналар тігін ісін тегін меңгеруде. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков орталықты аралап, жұмыс барысын одан әрі жетілдіру бойынша осында қолдау тапқан азаматтармен кездесті.
Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған аналарды қолдау орталығында арнайы шеберхана тігін машиналары және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қызмет алушылар құрақ көрпе, қыз жасауы мен сұранысқа сай сән үлгісіндегі кимдер және түрлі ою-өрнектер кестеленген қазақы нақыштағы тақияларды тігіп үйренуде. Оларға тігін ісін үйрететін шебердің бірі Еркінай Көшкінова. Көпбалалы ананың асырауында 12 жастағы мүмкіндігі шектеулі перзенті бар. Ерекше ұлы ою-өрнектердің дизайнын компьютер арқылы әзірлеп береді.
– «Бақытты жанұя» орталығына жыл басында жұмысқа орналастым. Содан бері осында қыз-келіншектерге тігін тігуді үйретіп келемін. Кәсібім өзіме қатты ұнайды. Үйде қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, мемлекеттік грант қаржысына сатып алған тігін машинам бар. Қосымша тапсырыстар қабылдаймын. Ұлымды да осы кәсіпке баулып жатырмын. Адамда еңбастысы еңбек етуге ниет болуы керек,-дейді тігінші.
Орталықта жалпы түрлі бағыттар бойынша басқа да оқу курстары бар. Атап айтқанда, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығуларын үйретеді. Мақсат - аз қамтамасыз етілген отбасылар мен көп балалы аналарға қолдау көрсету.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлері келішулерге психологиялық, құқықтық кеңес береді. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру, тұрғын үй кезегіне тұру, Еqov.kz порталынан қызмет алу мәселелері бойынша көмектерін ұсынады.
Мекемеде жыл басынан бері 7 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетілген. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков аралау барысында сала мамандарына оқу курстарын тәмамдаған азаматтарды барынша жұмыспен қамтуды тапсырды. Айтуынша, әр қызмет алушының үміті ақталып, іс нәтижелі болуы тиіс.