​Шымкентте «КҮЙ КҮМБІРІ » челленджі өтті

0
997

Челлендждің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу.


​Шымкентте «КҮЙ КҮМБІРІ » челленджі өтті

Бүгін білім басқармасына қарасты мекемелер мен білім беру ұйымдарының қатысуымен «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті.

Осы іс-шара аясында Шымкент қаласының Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде өткен бұл челленджге осы мектеп пен тыс мекемелердің 300-ден астам оқушысы қатысып, бір мезетте Ә.Желдібаевтың «Ерке Сылқым», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» және Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады.
Домбырашылар челленджі – 2023 жылдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан Наурыз қарсаңындағы ауқымды республикалық жоба. Челлендждің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу.
Күй тартудан челлендж былтыр алғаш рет өткен болатын. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнап, ұлт байлығын насихаттаған жоба еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға болды.
Бұл жолы да мейрамның онкүндігі аясында өткен бұл челендж қазақтың күйінің құдіреттілігін паш етті десе де болады.
Игі шараның өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауда алатын рөлі үлкен.
Айта кетері, Қазақстанда ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері аталып өтеді. Ал өткен жылдан бастап қаланың барлық мектебінде домбыра үйірмелері ашылды. Биыл ұлттық аспапта ойнаумен айналысатын балалардың саны артып келеді.
Дереккөз: «Шымкент келбеті»