Шымкентте оқушылардың 77%-ы қосымша біліммен қамтылған

0
901

Жан басына қаржыландыру есебінен 26 000 бала қамтылуда.


Шымкентте оқушылардың 77%-ы қосымша біліммен қамтылған

Шымкент қаласында 11 қосымша білім беру ұйымы, 17 аула клубы және мектепішілік түрлі үйірмелерде қаладағы 242 525 оқушының 77%-ы қосымша біліммен қамтылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Әліш есеп берді. Жан басына қаржыландыру есебінен 26 000 бала қамтылуда. Оның ішінде 14 мың бала спорттық, 12 бала мәдени үйірмелерге барады. Балалардың қосымша біліммен қамтылуын арттыру мақсатында 2 қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, 1 өнер мектебі, 1 оқушылар сарайы. Осы жылы 150 орындық өнер мектебінің, келесі жылы 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға беріледі. Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту үшін толық жағдай жасалған. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілді.
Сонымен бірге, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 7 200 балаға жазғы демалыс лагерге және 62 800 балаға бір реттік көмекке қаржы қаралды. Қала әкімі жастарды техникалық білімге бейімдеуді, дуальді оқытуды кеңінен қолдануды, педагогтердің бейімділік біліктілігін жоғарылатуды, жазғы лагерлердің жұмысын жандандыруды тапсырды.
Айта кетейік, оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында 26 мамыр – 17 маусым аралығында жазғы мектеп жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен қоса, жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аз қамтылған отбасының балаларына қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерлеріне тегін жолдама берілетін болады.
Бұдан бөлек, 130 мектепте сауықтыру бағытында 151 331 оқушыны түрлі үйірмелер және спорт секцияларымен қамту жоспарланған.
Саяжай лагерлеріне жолдама үшін аз қамтылған отбасы ата-аналары өтініштері ХҚО және egov порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда.