Түрлі мекемелер мен кәсіпорындар тарапынан 700-ге жуық техникалық, педагогикалық мамандықтар бойынша тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды.
Шымкентте қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы, қалалық “Жастар ресурстық орталығымен” бірлесе жұмыссыздарға арналған көшпелі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қала әкімі М.Әйтеновтің бекіткен «30 жұлдызды күн» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде тұрғындарға қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындары тарапынан 700-ге жуық техникалық, педагогикалық және т.б.мамандықтары бойынша тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды.
«Шаңырақ» орталығында өткен жәрмеңкеде жұмыспен қамту орталығының мамандары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі мен жұмыспен қамту шараларына қатысу мүмкіндіктерін түсіндіріп, ақпараттандырды.
- Бүгінгі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту, жұмыс беруші мекемелердің сұранысына сай қажетті маман таңдауларына мүмкіндік беріледі. Жалпы, қазіргі таңда қала аумағындағы «Алем БТ», «Azala Textile», «Гаухар тігін фабрикасы», "Alliance" ЖШС, «PetroKazakhstan» сынды ірі кәсіпорындарда техникалық мамандықтар сұранысқа ие болса, жәрмеңке барысында аталған кәсіпорындарға инженер, диспечтер,тігіншілер,механик, дәнекерлеуші және т.б. мамандықтар қатары қажет, - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова.
Айта кетсек, жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 28 286 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі таңға дейін 26 013 адам қаладағы түрлі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа жолданып отыр.