1979 жылы құрылған академия өзіндік базасы бар жоғарғы оқу орны саналады.
Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы 40 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Аталған мерекелік жиын білім ордасының тарихи мұражайының салтанатты ашылу рәсімімен басталып, іс-шараның аясында «Медицина мен фармацияның заманауи аспектілері: Білім, ғылым және тәжірибе» атты екі күндік халықаралық ғылыми практикалық конференцияның жұмысы ашық деп жарияланды.
Сондай-ақ, конференцияның ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.Әбішев, Шымкент қаласы әкімі Е.Айтаханов пен «ОҚМА» АҚ-ның құрылтайшысы, т.ғ.д., профессор, Халықаралық инженерлік академиясы және Ұлттық инженерлік академиясының академигі С.Сейтжанов қатысып, қала әкімі құттықтау сөзінде іргесі қаланғалы ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан оқу орынның ұстаздарына алғыс білдірді. Одан бөлек, Е.Айтаханов қатысушылардың назарын еліміздегі медицина мен фармацевтика саласы бойынша кадр даярлау сапасына аударды.
Оған қоса, қазіргі таңда медицина саласына инвестиция тарту мемлекеттің даму алғышарттарындағы басым бағыттардың бірі екенін айтқан қала басшысы осы бағыттағы жұмыстарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында және бюджетке салмақ салмай, шетел инвесторларын тарту қолға алынып жатқанын айтты.
Айта кетейік, жалпы 1979 жылы құрылған академияда 2019-2020 оқу жылында медицина академиясында 3500-ге жуық студент білім алса, оның 711 шетелдік жастар екен. Ал, ондағы білім алушыларға үш тілде 300-ден астам профессорлық-оқытушылық құрам сабақ береді.