Шымкенттік ерлі-зайыптыны қасақана өлтірген қылмыскер 25 жылға сотталды

0
1 041

Шымкенттіктердің жағасын ұстатқан қанды оқиға осы жылдың ақпан айында бесінен алтысына қараған түні болған.


Шымкенттік ерлі-зайыптыны қасақана өлтірген қылмыскер 25 жылға сотталды

фото: иллюстрациялық

Шымкентте ерлі-зайыптыны өлтіріп кеткен 28 жастағы жігіт сотталып, 1991 жылы туған ер адам 25 жыл өмірін темір торда өткізетін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оған ҚР ҚК-нің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған. Сотталушы Е.Қ. атыс қаруын және екі дана оқ дәрілерді заңсыз сақтап, қару қолдану арқылы екі адамды - жәбірленушілер А.Т. және Б.Қ. ны қасақана өлтіріп, ірі мөлшердегі мүлігін жымқырған.

Шымкенттіктердің жағасын ұстатқан қанды оқиға осы жылдың ақпан айында бесінен алтысына қараған түні болған. Сотталушы Е.Қ. бет бетперде киіп, қолдан жасалған қарумен жәбірленушілердің үйіне ұрланып түседі. Түнгі сағат 01.00 шамасында Шымкент қаласы, Байтұрсынов көшесі №212 үйдің төменгі қабатындағы жер төлесінде орналасқан ас бөлменің пластикалық терезесін ашып, тұрғын үйдің ас бөлмесіне заңсыз кірген. Сотталушы Е.Қ. үйдің бірінші қабатындағы бөлменің есігін ашып жерде жатқан үй иесін А.Т.ның басынан атып өлтірген. Содан соң үйдің келесі жатын бөлмесінде жатқан үй иесінің жұбайы Б.К.-ның орнынан тұрып жатқанын көріп, асхана пышағымен денесінің әр түрлі тұстарына көптеген соққылар жасаған. Әйел де сол жерде жан тапсырған.

Жәбірленушілердің сейфінен 2 300 000 теңгесін, жалпы құны 1 690 000 теңге тұратын әшекейін алған. Бір емес екі бірдей адамды өлтіріп, тонап кеткен 28 жастағы жігіт оқиға болған жерден бой тасалаған. Көп ұзамай 16 ақпан күні қандықолды тәртіп сақшылары құрықтаған болатын.

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сотталушы Е.Қ. тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады.

Марқұм жәбірленушілердің өкілі, азаматтық талапкер С.Т.ның моральдық зиян өндіру жөніндегі талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Оған 6 000000 теңге өндірілген. Сот жәбірленуші тараптың 4 250 000 теңге материалдық зиян өндіру туралы талап арызды қанағаттандырусыз қалдырылды.

Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.