Шымкенттік өрт сөндіруші түтінге улаған қызды аман алып қалды

0
521

Ол азаматтық қорғау органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарады.


Шымкенттік өрт сөндіруші түтінге улаған қызды аман алып қалды

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкенттік өрт сөндіруші пәтердің бірінде түтінге уланып қалған 2014 жылы туған қызды қауіпсіз жерге шығарып, өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өрт сөндіруші және құтқарушы болу әркімнің қолынан келе бермейді. Тек өз ісіне адал берілген, жауапкершілігі жоғары, өзіне талап қоя білетін, нағыз ер азаматтар бұл мамандықты таңдайды. Солардың бірі – азаматтық қорғау сержанты Шухратжон Халметов.

Ол азаматтық қорғау органдарында 2013 жылдан бері қызмет атқарады. 2011-2012 жылдар аралығында 38-ші арнайы мақсаттағы десанттық шабуылдау бригадасында бөлімше командирі болып әскери борышын өтеген. Жастайынан спортты өзіне серік еткен ол қазіргі таңда «Қол күрес» және «Гір тасын» көтеру бойынша спорт шебері. «Қол күресі» бойынша Қазақстан қарулы күштерінің төрт дүркін чемпионы. 2010-2012 жылдар аралығында ЦСКА құрама командасының құрамында болған.
Шымкент қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші лауазымында қызмет атқаратын Шухратжон Мусаматович өз міндетіне адалдық танытып келеді.
2019 жылғы 3 мамырда А.Байтұрсынов көшесі бойында орналасқан көпқабаты үйден өрт шығып, оқиға орнына 4 өрт сөндіру техникасы жіберілді. Азаматтық қорғау сержанты Ш. Халметов қарауыл бастығының бұйрығына сай, қою түтінге оранған подъезден адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге кіріседі. Барлау барысында төртінші қабатқа көтерілгенде пәтердің бірінде түтінге уланып қалған 2014 жылы туған қызды қауіпсіз жерге шығарып, өмірін аман алып қалды. Жалпы осы оқиға барысында 14 ересек және 6 бала қауіпсіз жерге шығарылған. Өрт сөндіру барысында Шухрат ерлік пен қайсарлық көрсетті.
Өз міндетін адал атқарып, кәсіби шеберлігін танытқан жас маман азаматтық қорғау органдарының 25 жылдық мерейлі мереке қарсаңында «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісімен марапатталды.