Өрт сөндірушілер алдын алу жұмыстарын өткізу барысында қайғылы жағдайдың алдын алды.
Шымкентте құтқарушылар тобы бір отбасыны ажалдан құтқарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкенттік өрт сөндірушілер алдын алу жұмыстарын өткізу барысында қайғылы жағдайдың алдын алды. Құрамында бөлімше командирі Дарын Айтмұратов, аға өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлыбек Аязбаев, азаматтық қорғау старшинасы Ғұламжан Халматбаев, азаматтық қорғау сержанты Досжан Мамыров бар №7 өрт сөндіру бөлімінің мобильді тобы кезекті үгіт-насихат жұмыстарын Маятас тұрғын алабында өткізді. Олар Абай көшесінің тұрғындарына жылыту маусымындағы қауіпсіздікті сақтау, су тасқыны орын алған жағдайдағы іс-қимыл бойынша түсіндіріп жүрген.
Сол маңдағы тұрғындардың бірі үйіне кіру үшін сыртқы есікті ашқан кезде газдың иісі шығып жатқанын анықтап, анасы мен балаларынан улану белгілерін байқайды. Сол отбасыға көмекке келген құтқарушылар адамдарды тез арада таза ауаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.
Одан кейін газ мамандары мен жедел жәрдемге хабар береді. Арнайы қызметтер келгенше үйдегі газды толық жауып тастады. Оқиға орнына келген дәрігерлер бригадасына өрт сөндірушілер үш бүлдіршін мен анасын тапсырды. Олардың бойынша орта деңгейде улану белгілер бар.
Осылайша өрт сөндірушілердің жедел және кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде бір отбасының өмірі құтқарылды. Ал құтқарушылар қала тұрғындарынан қауіпсіздікке мұқият болуды сұранады.
.