Аталған жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қызметке дарынды және ынталы жастарды дайындау.
Шымкенттегі Мемлекеттік қызмет мектебіне қаланың үздік студенттері іріктелді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2019 жылдың 24 қаңтарында Шымкент қаласының ЖОО-ның үздік студенттерін Мемлекеттік қызмет мектебінің студенттері қатарына салтанатты қабылдау рәсімі өтті.
Іріктеуге қаланың 5 ЖОО – М. Әуезов атындағы ОҚМУ, М. Сапарбаев атындағы ОҚГИ, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Мирас Университеті және Қазақстан халықтар достығы университетінен 200-ден астам 4 курс студенттеріқатысып, мемлекеттік қызметтің негіздерін іс-тәжірибеде үйренуге дайын 100 студент іріктеліп алынды. Сондай-ақ, іс-шара барысында студенттерге Мемлекеттік қызмет мектебінің төсбелгілері табыс етілді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кешенді жоспарына сәйкес Мемлекеттік қызмет мектебі өз жұмысын бастаған. Аталған жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қызметке дарынды және ынталы жастарды тарту, сондай-ақ болашақ мамандарға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдысын алуға мүмкіндік беру.
Бұл мектепте студенттер ҚР Президенті жанындағы басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында оқудан өтеді. Алдағы уақытта олар қаланың мемлекеттік органдарында тәжірибеден өтеді, оның қорытындысы бойынша Мемлекеттік қызмет мектебінің сертификаттары тапсырылады.
Сонымен қатар, студенттерді мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары және бекітілген тәлімгерлері коммуникабельділік, үлгерім, ұқыптылық, жауапкершілік және т.б. критерийлер бойынша бағалайды, бұл критерийлер студенттер сертификаттарын алатын кезде ескерілетін болады.
Осылайша, мемлекеттік қызметті көшбасшылық қасиеттері және жоғары зияткерлік әлеуеті бар кадрлармен қамтамасыз ету механизмі қалыптасады.
Айта кетейік, салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Токушев Қайыржан Ахметбекұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Шілманов Айбек Ақбергенұлы және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің бірінші проректоры Нұрманбетов Қайрат Еңбекшіұлы қатысты.
дереккөз: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті