"Сыра падишахы" оны 19 жыл бұрын жалдаған көрінеді.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Иса Көшіковке қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Сотталушы қылмыс әлеміне "Иса киллер" лақап атымен танымал. Заң алдында жауапкершілікке тартылып жатқан оған бірнеше бап бойынша айып тағылған. 2000 жылы кісі өлтіруге оқталу, қару алып жүру, сондай-ақ 2017 жылы аса ірі көлемдегі сомаға алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Бірақ сот қылмыстық істі прокуратураға кері қайтарды. Бірінші сот отырысында қылмыстық процесуалды кодексінің талаптарын бұзушылықты анықтаған. Айыпталушының адвокатының сұранымымен сотталушыға медициналық-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Еске сала кетейік, 2000 жылы желтоқсан айында Шымкент қаласында белгісіз біреу Б. есімді азаматқа автоматты қарудан оқ жаудырмақ болған. Оқ жәбірленушінің қолына тиген. Алайда ол тығылып үлгірген. Талай жылдан бері ашылмай келген қылмыстық іс бойынша құзырлылар осы жылдың басында оқ атқыштарды анықтаған. Олардың арасында Иса Көшіков де бар боп шыққан. Көп ұзамай Көшіков қолға түсіп, қалған екі күдікті әлі де іздеуде болатын.
Қарулыларды 19 жыл бұрын жалдаған - бұрынғы "сыра падишахы", бизнесмен Тоқтар Төлешов көрінеді.