Көпшілікке "Жаужүрек мың бала" туындысымен танылып, отандық бірнеше жобада ойнаған актер Аян Өтерберген жеке өмірі, шығармашылық жолы туралы ernur.kz сайтына сұхбат берді. Сұхбатта актер болашақта кітап шығаратыны туралы және алғашқы режиссерлік туындысы туралы баяндады.
- Аян, «Ақжауын» сериалының 2 маусымы басталды. Басты рөлді сомдап жатырсыз. Көрермен екінші маусымда да Аңсар мен Назымның махаббаты аз көрсетіледі, жиі жанжалдасады деген пікірлерді жазыпты. Осы маусымда қандай өзгеріс болады?
- Жалпы сценариймен танысқан кезде алғашқы маусымда «неге менің кейіпкерім қырсық?» деп сұрағанмын. Режиссер бұл екі рөлді Жұлдыз екеумізге арнап жаздым деп әзілдеген. Көрермендерден де «тура өзіңіздің болмысыңыз ғой» деген пікірлер естіп қаламын. Бұл қырсық махаббат кейіпкерлердің бір ерекшелігі сияқты деп ойлаймын. Өзгерісті айтып қойсам, қызық болмай қалады. Жалпы қызық болады. Пікірлер Қырғызстан, Ресейден келіп жатыр. Сондықтан, бірінші маусымдағыдай халық жақсы қабылдайды деп ойлаймын.
- Шығармашылығыңызда қазір қандай жаңалық болып жатыр?
- Келесі жылы «Шын ғашық» атты режиссерлік еткен алғашқы сериалым НТК арнасынан көрсетіледі. Мақтанатындай керемет туынды түсірдім дей алмаймын. Бұл тәжірибе жинауға керемет мүмкіндік болды. Әзірге жаңалығым осы.
- Режиссер болу қалай екен? Демек, болашақта режиссерлікке ауысасыз ба?
- Біз көбіне киноны көреміз де, артындағы қаншама жасалатын еңбекті бағаламай жатамыз. Осы жолы соны түсіндім. Жалпы режиссер болу маған ұнады. Тағы да ұсыныстар түссе, үлкен дайындықпен түсіргім келеді. Себебі кино түсіру оңай жұмыс емес. Осы сериалды түсірем деп денсаулығыма да біраз әсер етті. Болашақта режиссер болсам, мелодрама түсіргім келеді. «Махаббат станциясы», «Гаухартас» мен үшін махаббат хикаяларының ең үздігі. Махаббатты әдемі жеткізіп көрсеткім келеді.
- Жеке телеграмм каналыңыз бар. Жазбаларыңыз ерекше. Әрі соған сай әндерді жинақтап жариялап отырасыз. Болашақта жазушылыққа бет бұруыңыз мүмкін бе?
- Иә, ол каналдағы ойлар өмірдегіоқиғалардан кейін туындайды. Соның бәрін үзбей жазуға тырысамын. Кейде бір тамсанатын сәт болады. Сезімді, сәтті жазып алғым келеді. Болашақта осы жазбаларымды құрастырып, кітап жазу ойда бар. Кітап қазақ тілін трендке айналдыру мақсатында жазылады. Бірақ өмірбаяным туралы жазбаймын. Тек ойлардан жинақталады. Шерхан Мұратазаның «Бір кем дүние» стилінде шығарғым келеді.
- «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылдыңыз. Болашақта қандай тарихи фильмдерден көре аламыз?
- Шынымды айтсам, тарихи фильмдерден әзірше алыстай тұрғым келеді. Себебі бірде шашымда бояп, әлеуметтік желіге салғанымда оқырмандарым басқаша қабылдады. «Шашыңды бояма, қазақсың ғой» деген сынды пікір айтты. Ойы дұрыс қой. Бірақ мені барлығы «Жау жүрек мың бала» арқылы таныған соң көпшілігі батыр образынан ғана көргісі келеді. Сол образбен ассоцияландырып алған. Тарихи фильмді сомдау үшін адамға білім, сұс керек. Ол оңай емес. Сондықтан білімімді толықтырғанша әзірше тарихи рөлдерден алыстай тұрамын. Егер актер бір рөлді ойнай берсе,р жаттанды болып кетеді. Сол үшін де әртүрлі рөлде түскім келеді.
- Өзіңіз көңіліңіз толатын рөл қай сериалда болды?
- Жалпы өзімнің рөлдеріме көңілімтолады деп айта алмаймын. Жаңа айтқандай, өзімді басқаша рөлдерде сынап көргім келеді.
- Отандық толықметражды кинолардан көрінбейсіз. Неліктен?
- Әртүрлі себеп бар. Кейде батыр рөлімен мені елестетіп қалғандықтан, келіспей қалады. Бір жағы гонорар жағы да себеп болып жатады.
- Құпия болмаса, гонорарыңыз қанша?
- Бағамды айта алмаймын. Өз гонорарыма көңілім толады.
- Гүлназ Жолановамен қарым-қатынасыңыз қалай? Әлеуметтік желіде сіздің оны сүйіп алған видеоңыз тарап кеткен еді.
- Бұл әңгімеге баяғыда нүкте қойылды ғой. Гүлназ екеуміз доспыз. Басқа айтарым жоқ.
- Әлеуметтік желіде хейтерлерге қалай жауап бересіз?
- Мән бермеуге тырысамын. «Ит үреді, керуен көшеді» деген ғой. Қатты айтылатын хейт кездестірмедім.
- «Мамамның талабы бойынша үйде отыратын келін керек» деп айтқан едіңіз. Қашан үйленесіз?
- Жолығып жүрген сүйіктім бар. Өнер саласының адамы емес. Ол туралы айтқым келмейді. Жеке өмірімді ашып айтуға қарсымын.